Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: АГРАРЛЫҚ САЛАНЫ ДАМЫТУ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

ТҮРКІСТАН: АГРАРЛЫҚ САЛАНЫ ДАМЫТУ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының тұралап қалуының сырын ашып, оны жедел оңалтудың жолдарын көрсетті. Әсіресе,су шаруашылығы саласына ерекше тоқталды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарған Түркістан қаласының құрметті азаматы, Сауран аудандық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевты әңгімеге тартқан едік.

-Оразгелді Өтегенұлы газетті алдыңызға жайып, «Жолдаудың» ұнаған тұстарының астын сызып қойыпсыз. Қандай ой түйдіңіз?

-Мен ауыл шаруашылығы саласының маманы болғандықтан өзіме жақын мамандығыма қатысты түйткілді мәселелер бойынша айтылған пікірлер мен тапсырмалардың астын сызып қойдым. Алдағы уақытта талдау, сараптау жасауыма қажет болады деп отырмын. Қазақста «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Маған ұнағаны көп қордаланған мәселелер ашық айтылған.

Мәселен, «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет»,-деп отыр Президент.

Бұл рас. Өйткені біздің жеріміз ұлан-байтақ. Халқымыз ата-бабамыздан келе жатқан мал бағып, егін өсіруді кәсіп еткен халықпыз.  Жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орында тұрғанымыз Президент айтқан мақсатқа жетуге болатын үлкен негіз болып табылады. Біз Еуразия құрлығына ғана байланып қалмай, әлемдік ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын қуатты мемлекетке айнала аламыз.

-Отыз жыл бойы мемлекет «нашар менеджер» деп жекеменшікті дамытуға үндедік. Енді ірілендіруіміздің жайы қалай болар екен?

-Иә. Отыз жыл бойы жекеменшікті дамытуда біраз жұмыстар атқарылғанымен Президенттің айтуынша, енді шаруашылықты ірілендіруге көшуіміз керек. Қазір енді ірілендіру үдерісі оңай болмайды. Өйткені, біз үлкен ауылдарды таратып, «жердің иесі болуы керек. Әркім өз жерімен жұмыс жасайтын болуы керек» деген оймен әсіресе, егін шаруашылығында 2-5 гектар жерлерді бөліп беріп, өте ұсақ шаруашылықтарға айналдырып алдық. Мұны енді қайтару қиын. Сондықтан, оларды кооперативтерге бірлесіп, жұмыс жасауға тартуымыз керек. Негізі, ірілендіру деген тіркесті пайдалабасақ екен деймін. Егер, ірілендіру деген тіркесті айтсақ, халық оны жерін қосып жібере ме, қайта тартып ала ма деп баяғы колхоздастыру секілді бола ма деп үрейленеді. Яғни, барлық техникасы, жері бір орталыққа беріліп, шаруаларға бір адам билік ете деп қорқады. Себебі, осы Түркістан, Қызылыорда облыстарында осындай ірілендіру, бірігу жүргізіліп,оны басқарғандардың қолы таза, адал болмау оқиғалары жиі кездесті. Жерді, техниканы кепілге қойып, бас пайдасына пайдаланып кеткендер де болды. Ірілендірудің бір ақ жолы бар. Ол кооперацияға біріктіру. Соған мүше етіп қабылдау. Қазіргі «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңның аздап кемшіліктері бар болғанымен жақсы. Дегенмен, осының өзі орындалмай жатыр. Себебі, орындалу тетіктері дұрыс емес. Заңда бірігу тек өз еркімен және кооператив қаулысымен бірігеді деп жазылған. Оны апарып әділет басқармасына тіркеу деген жері жоқ. Соған қарамастан облыс, аудан әкімдіктерінің шенеуніктері әділет басқармасына тіркелуді талап етеді. Оны талап етуші негізінен қаржы ұйымдары. Себебі, олар бәрін апарып тіркемесек, жауапты мекемеден айрылып қаламыз деп сескенеді. Ал, бұл жерде кооперацияға бірігу келісім шартпен жүзеге асырылады. Азаматтық кодексте көрсетілген. Келісім шартпен бірігіп, нотариалды мөрленген соң ол әділет басқармасына тіркелген құқықтық құжатпен бірдей заңды құжат болып табылады. Мұны заңгерлер түсіндіріп жатқан жоқ.

БІРІГУДЕГІ МАҚСАТ– КООПЕРАТИВТІ ЖАҢА ТЕХНИКАМЕН ЖАРАҚТАНДЫРУ

-Шаруалар кооперативтерге бірігуден не ұтады?

-Міне, нақты сұрақ. Қазір әрқайсысының жеке жері бар. Жұмысын істеп жатыр. Кооперативтерге бірігудің мәселесі бірлесіп қызмет жасау. Яғни, техниканы бірлесіп пайдалану, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды бір жерден алу жүзеге асырылады. Одан кейін өнімді жинау, өткізу мәселесі де бірге атқарылады.  Бұған барлық техника жұмылдырылады. Бұл жерде айта кететін нәрсе. Бірігудегі мақсат – кооперативті заманауи үлгідегі жаңа техникамын жарақтандыру. Мәселен, Жолдауда айтады.

«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».

Бұл өте қиын мәселе. Жеке-дара жүрсе, шаруалар техникаларын жаңалай алмайды. Себебі, жаңа техникалардың бағасы шарықтап кетті. Мәселен, 2010 жылдары бес миллион теңге тұратын трактор қазір он миллион теңге тұрады. Бағасы екі есеге өскен. Оны шаруалардың алуға шамасы жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, оларды техникамен қамтамасыз ету керек. Біздегі майда, ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің ең негізгі тетігі осы. Мемлекет техниканы кооперативтерге 50 пайыздық субсидиямен (қайтарымсыз қаржы) береді.

-Меніңше қазіргі кооперативтерге берілетін 28 миллион теңге қаржының өзі теңізге құйған тамшыдай ғана емес пе?

-Дұрыс айтасыз. Қазіргі кезде кооперативтерге 28 миллион теңге шамасында қаржы береді. Ол жаңа бір техника, пайдаланылғаны болса, асып кетсе екі техникаға ғана жетеді. Ал, жаңадан құрылған кооператив бір-екі техникамен алысқа ұзай алмайды. Алдымен Сауран ауданындағы жетекші бір ауылда осындай үлкен кооператив құру керек. Мәселен, келесі жылы «Ауыл аманаты» жобасына берілетін қаржыны көбейтейін деп жатыр. Сол кезде осы бастаманы өндіріске батыл енгізу керек. Мен осы мәселе туралы Түркістан облысының әкімі Ермек Кенжеханұлына кіргенімде, ол кісі мені қолдап министрлікпен сөйлескенде, «келесі жылы бөлінетін қаржы еселенеді» деген пікір білдірілді. Осы мәселе созбалаңға салынып кетпесе болғаны.

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

-Өзіңізге белгілі, солтүстік облыстар тоқтаусыз жауын салдарынан егінін ора алмай жатыр. Оңтүстік облыстар трансшекаралық өзендерден тиісті су ала алмай, құрғашылыққа тап болып отыр. Осы тығырықтан қалай шығуға болады?

— Президент Жолдауында «судың да сұрауы бар» деген мәселеге ерекше тоқталды. Біздің елімізде барлық егістік жерлердің жеті пайызы ғана суармалы жерлер. Сол жеті пайыз суармалы жер жалпы егіннен түсетін түсімнің 40 пайызын беріп отыр. Суарылмайтын жерлерден алты есе көп өнім береді. Бұған мемлекет өте қатты көңіл бөлуі керек. Баяғы Кеңес Одағының кезінде осы мәселеге өте үлкен көңіл бөлінген болатын. Сол кезде министрлікте осы суландыру және су жүйелерін техникамен қамтитын гидрогеологиялық басқарма болатын. Біз соны жоғалтып алдық. Мынаған қараңыз. Осы су шаруашылығымен айналысатын мекеме біз егемендік алғалы бері алты ведомствоға қараған екен. Министрліктері алты рет ауысқан.

«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады»,-деді Мемлекет басшысы.

Ал енді Президентіміздің осы олқылықты жою үшін өз алдына Су ресурстары және иригация министрлігін құруы өте үлкен батылдық және шынайы жанашырлық деп есептеуіміз керек. Себебі, біздің еліміздегі су қорларының 45 пайызы трансшекаралық өзендерден келеді екен.

Түркістан қаласының құрметті азаматы, Сауран аудандық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевпен сұқбаттасқан:

Ескендір ЕРТАЙ