Қазақ қоғамында әке – отбасының тірегі, шаңырақтың ұстыны саналады. Алайда қоғамда жалғызбасты аналар жайлы көп айтылғанымен, жалғызбасты әкелердің мәселесі назардан тыс қалып жатады. Бұл тақырыптың өзектілігі күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда өмірдің түрлі жағдайына байланысты балаларына жалғыз өзі тәрбие беріп жатқан әкелердің саны аз емес. Осы мақалада біз жалғызбасты әкелердің өмірі, олардың қоғамдағы рөлі мен кездесетін қиындықтары туралы айтып, мәселенің әлеуметтік астарын ашуға тырысамыз.
Әке болу – жауапкершілік пен сенім. Елімізде статистика бойынша әрбір бесінші отбасы ажырасуға ұшырайды. Ажырасқаннан кейін балалардың көпшілігі анасымен бірге қалатыны белгілі. Дегенмен кей жағдайларда балалардың тәрбиесі әкеге жүктеледі. Әкелер үшін бұл шешім – үлкен жауапкершілік пен қажыр-қайратты талап ететін қадам.
Осы орайда Түркістан қаласында тұратын 45 жастағы жалғызбасты әке Серіков Нұрланмен сыр-сұхбатта оның өмір сабақтарын тыңдап көрген едік.
– Менің есімім Ержан, 45 жастамын. Қызым Аружан 14 жаста, ал ұлым Нұрсұлтан 10 жаста. Жұбайым екеуміз өмірдің түрлі қиындықтарына байланысты, көңіліміз жараспай ажырастық. Сот шешімімен балалар менімен қалды. Бұл жағдай өмірімді түбегейлі өзгертті, бірақ мен оны сынақ деп қабылдадым.
Жалғызбасты әке Нұрлан мырзаның мәлімдеуінше, ең үлкен жауапкершілік – балалардың болашағы. Олар өздерін қауіпсіз әрі бақытты сезінуі керек. Әке ретінде менің міндетім – тек материалдық жағдайды қамтамасыз ету емес, сонымен қатар оларға мейірім, тәртіп және өмірге бағыт беру. Балаларым менің ең жақын достарым. Олардың маған сенетіні – ең үлкен жетістігім. Әке болу маған сабыр мен төзімділік үйретті. Бұрын мен өз жұмысым мен мақсаттарыма көбірек көңіл бөлетінмін. Енді барлық шешімім балаларымның игілігі үшін жасалады, дейді ол.
Қоғамда жалғызбасты әкелерге көзқарасы қандай?Жалпы, жалғызбасты әкелер туралы елдің пікірлер қандай? Олардың мәртебесі айқындалмаған да секілді. Бұл тарапта қоғамда көптеген стеортиптер қалыптасқан. Халқымызда «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген мақал бар. Бұл мақалдан-ақ бала тәрбиесінде әкенің рөлін, әкенің перзенттеріне жақындығына немқұрайдылықты көреміз. Осы ретте сұхбаттасымыз:
– Қоғамда жалғызбасты әкелерге қатысты стереотиптер бар. Кейбіреулер «еркек адам бала тәрбиелей алмайды» деп ойлайды. Бірақ менің өмірім осы көзқарастың қате екенін дәлелдейді. Таныстарым арасында маған қолдау көрсететіндер де көп, — деп өз ойын айқындап жеткізді.
«Ең басты қиындық – балаларға уақытты тиімді бөлу. Жұмыс пен балалардың тәрбиесін қатар алып жүру оңай емес. Сонымен қатар, кейде олардың анасы жоқ екенін сезініп, мұңайғанын байқап қаламын. Олардың жүрегіндегі сол бос орынды(кейістікті, мұңды дейікші) толтыру үшін, мұңды сейілту үшін барымды саламын. Балаларымды адалдыққа, еңбексүйгіштікке білімге баулып жүрмін. Әсіресе, өз пікірін білдіру, қиындықтарға төзімді болу сияқты қасиеттерді үйретуге тырысамын. Әрқайсысының қызығушылығын қолдап, қабілетін дамытуға жағдай жасаймын» дейді ол бізбен сұхбатында.
«Әрине, сіз жалғыз емес. Сізбен тағдырдас қаншама жандар болуы мүмкін өмірде. Өзіңіздей жалғызбасты әкелерге қандай кеңес берер едіңіз?—деген сауалымызға сұхбаттасымыз ағынан жарыла жауап берді. «Ең алдымен, өзіңізге сеніңіз. Бала тәрбиесі – тек ананың міндеті деген ойдан арылыңыз. Олай ойлау қате. Балаларыңызбен ашық сөйлесіп, оларға өз махаббатыңыз бен мейріміңізді көрсетіңіз. Уақытты дұрыс жоспарлап, қолда бар мүмкіндікті пайдаланыңыз. Ең бастысы – олардың өміріндегі ең сенімді адам болыңыз».
Ал, кәсіби психолог Динара Жарқынбаева жалғызбасты әкелер мәселесін былай түсіндіреді:
– Қоғамда «баланы ана тәрбиелеуі керек» деген стереотип қалыптасқан. Бұл жалғызбасты әкелердің рөлін төмендетіп, олардың эмоционалдық қолдауына кедергі келтіреді. Шын мәнінде, бала тәрбиесінде әке мен ананың тәрбиесі бірдей маңызды. Өмірдегі, отбасындағы түрлі жағдайларға орай ерлі-зайыптылар ажырасып жатады. Кейде әке мен ананың бірі өмірден озуы мүмкін. Мұндай жағдайда анасының не әкесінің тәрбиесінде қалады. Қазіргі қоғамда жалғыз өзі балаларын тәрбиелеп, қамқор болып отырған әкелер де бар. Бірақ қоғамда олардың үні бәсеңдеу. (Олардың мәселесіне мән беріп қарамайтын секілдіміз). Меніңше, Әкелер институының көңіл бөліп, оларға, әсіресе жалғызбасты әкелерге арналған арнайы психологиялық курстар мен әлеуметтік бағдарламалар әзірлену керек, — дейді.
Жалғызбасты әкелер – ерекше батылдық пен қайсарлықты талап ететін рөлде. Олар қоғамның толыққанды мүшелері ретінде балаларын тәрбие мен қамқорлыққа бөлеп, әкелік миссиясын абыроймен атқарып келеді. Бұл тақырыпты зерттеп, жалғызбасты әкелерге қолдау көрсету – тек әлеуметтік институттардың емес, бүкіл қоғамның міндеті деп ойлаймыз.
Дана Құрманбек,
Ахмет Ясауи университеті,
Журналистика мамандығының 4 курс студенті .