Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халық алдындағы есептік кездесу аясында ІІМ жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау болып табылатынын хабарлады.
Оның айтуынша, өткен жылы ішкі істер органдары бірқатар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тап болды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймаларындағы оқ-дәрілер жарылысының салдарын жою және қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Полиция қызметкерлері өткен жылы Арыс қаласында, биылғы жылы Мақтаарал, Төле би аудандарында орын алған төтенше жағдай кезінде тәулік бойы жұмыс істеді. Халықты қауіпсіз жерге көшіріп, эвакуация жұмыстарын жүргізді. Су ортасында қалған көпшілікті құтқарды. Бос үйлерді күзетіп, ұрлықтың алдын алды. Қоғамдық тәртіпті қадағалады.
Сондай-ақ, өткен қысқы кезеңде полиция мен құтқарушылар күндіз және түнде іздестіру іс-шараларын жүргізді — 12 мыңнан астам адамды, соның ішінде 850 баланы эвакуациялады және құтқарды. 5 мыңнан астам техника тартылды.