Домой Басты жаңалықтар ПОЛИЦЕЙЛЕР СУРЕТ БАЙҚАУЫН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

ПОЛИЦЕЙЛЕР СУРЕТ БАЙҚАУЫН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Жетісай аудандық полиция бөлімі қызметкерлері «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы аясында мектеп оқушылары арасында сурет салудан байқау өткізді. Жер жәннаты — Жетісайдың орталық алаңы мен саябағында өткізілген іс-шараға 50-ден астам сурет салуға бейім, 7-13 жас аралығындағы балалар қатысты. Олар, өз отбасындағы бейнелерді қағазға түсіріп, «Біз бақытты отбасымыз», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» деп ұрандатты. Сонымен қатар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат – оқушыларға зорлық-зомбылық туралы мағлұмат беру, адамның жаны мен тәніне үлкен зардап әкелетін соққы екенін түсіндіру және зорлыққа қарсы біздің елімізде заң бар екені туралы мағлұмат бере отырып, өздері жүрген орталарында мейірімді болуға, бұзақылық істерге бармауға, бойларындағы адами қасиеттерін сақтауға, әдепті де, тәртіпті тұлға болып қалыптасуға шақыру. Шын мәнінде, елімізде отбасындағы балаларына, әйелдеріне қысым көрсететін ер азаматтарымыз жоқ емес. Әкелеріміздің ойланбастан өмірлік жартым деп тапқан адамының денесіне салған жарақаты уақыт өте кеткенімен, ол балалардың жүрегінде мәңгі жазылмайтын жара болып сақталып қалмақ. Осындай оғаш қылықтарды көріп өскен баланың психикасында ауытқулар пайда болып, жаман жаққа қарай кетіп қалмайтынына кім кепіл? Сондықтан, отбасындағы тыныштық, бірлік бұл – бала тәрбиесіндегі ең маңызды сәттер. Перзенттеріміздің болашағы үшін, өзімізді түзейік. Өзіміз үлгі болайық, құрметті ата-аналар! Балалар мен ата-аналар арасында осындай игі іс-шараларды үнемі өткізіп жүрген полицейлердің де мақсаты осы. Қоғамдағы, отбасындағы зорлық-зомбылықты жойып, кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмысты болдырмау.