Домой Әлеумет ОТЫРАР САПАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

ОТЫРАР САПАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізде тұңғыш рет қолға алынып жатқан сапар орталығының іргетасы Отырар ауданында қаланғаны белгілі. Бүгінгі таңда аталған кешеннің құрылысы қарқынды жүруде. Алпыстан аса құрылысшы екі ауысымда жұмыс жасауда.
Музейге жұмыс істеуге шақырылатын мамандар үшін және де Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін салынып жатқан 16 орындық жатақхана ғимараты аяқталуға жақын. Ал, Сапар кешенінің екінші қабатына кірпіш қалануда.
«Отырар қалажұртының сапар-орталығы» – бұл мәдени туризм орталығына айналуға тиіс бірегей нысан. Сапар орталығының салудағы мақсат Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығын жасау. Қорық-музейдің функцияларын мәдени-ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау жоспарланып отыр.
Сапар орталығының ғимараты Отырар қалажұртының территориясында археологиялық қорық, тарихи-мәдени және туристік орталық құруға, сонымен қатар, кешенді қызмет көрсету мүмкіндігіне ие көрмелік залдары бар музей кіретін, музейлік-көрмелік жүйемен өзара байланыстағы орталықтандырылған қор-сақтағышты жасауға бағытталған.
Сапар орталығы жекелеген музейлік заттар түрлеріне (саз, металл, тас, керамикадан жасалған бұйымдар) бойынша арнайы мамандандырылған қор-сақтаушы болып табылады.
Музей қорына түсіп отыратын экспонаттар үшін бірінші және екінші қабаттарда экспозициялық залдар қарастырылған. Экспозиция залдары функционалдық бағдарламада әр уақытта болатын өзгерістер мен түзетулерді ескеріп жобаланған. Екінші қабатта барлық залдар үшін қосалқы бөлме қарастырылған. Залдардың жобалық және көркемдік шешімін орталық қызметкерлері нақты көрмелік экспозицияның тақырыптық құрылымына байланысты жасайды (жарық, түс, фон, және тағы басқа).
Ғимараттың екінші қабатында орталық қызметкерлері үшін жеке компьютермен, принтерлермен, көбейткіш техникамен, сканерлермен, кеңселік жиһазбен жабдықталған жұмыс кабинеттері жобаланған, бұл өз кезегінде жұмыс орнын тиімді жабдықтап, бөлмені тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Құжаттау, есепке алу және ғылыми сипаттау құжаттарының сақталуын қамтамасыз ететін ғылыми архив жобаланған. Қызметкерлердің демалуына мүмкіндік беретін персонал бөлмесі қарастырылған.
Бірінші этажда қосалқы бөлмесі бар 86 орындық лекциялық зал жобаланған. Лекциялық зал абонаменттік топтарға, жекелеген келушілерге (ғылыми қызметкерлермен кездесуге және т.б.) лекция оқуға арналған.
Келушілерге арналған сырт киім гардеробы, санитарлық орындар, касса, таныстырушылар бюросы қарастырылған.
Цоколдық қабатта қор-сақтау бөлмелері қарастырылған. Қор-сақтау арнай музейлік стеллаждармен, шкафтармен жабдықталған. Қор-сақтаудың жанында түсетін материалды есепке алатын қызметкерлерге арнаған жұмыс орындары қарастырылған.
Реставрациялық жұмыстар мен көрмелік конструкцияларды жасау жұмыстары үшін цоколдық қабатта шеберханалар жобаланған.
Барлық шеберханалар мамандырылған реставрациялық қондырғылар мен жиһазбен жабдықталған. Мамандардың жұмыс орындары кеңселік жиһазбен, жеке компьютерлермен, принтерлермен жабдықталған.