Ағымдағы жылдың 22 сәуірі күні Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің дәстүрлі түрде ұйымдастыруымен өтетін «Ашық микрофон» алаңында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова қадірлі қонақ болды.
Ашық алаңда Жанар Амангелдіқызы қоғам індетіне айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша университет көлемінде атқарылатын жұмыстармен ой бөлісіп, білім беру мекемелері ел ертеңін қалыптастыратын жастарға білім беруде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға айрықша басымдық беру қажеттігін баса атап өтті.
Сондай-ақ, басшылық лауазымға тағайындалудың жауапкершілігі, сұранысқа ие кадр даярлау, «Студент пен қоғам үніне құлақ асатын университет» қалыптастыру, бәсекеге қабілетті білім алушыларды жасақтап шығару мен өз айлық жалақысының мөлшерін ашық баяндап, қоғам белсенділерінің тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға толымды жауап берді.
Еркін форматта өрбіген жиында, ең алдымен бауырлас түркі жұртының жастарын білім арнасында тоғыстырған Халықаралық жоғары оқу орнының бүгіні мен ертеңі және білім алушылардың біліктілік деңгейін арттыру мәселелері сөз болды.