Қазақ руханиятының көрнекті қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы жайында қаншама сөз өрнектесек те көптік етпесі анық. Оның ұлтына жасаған өлшеусіз еңбегін бір мақалада тұтастай қамтып кету оңай емес. Дегенмен де кейбір еңбектеріне тоқталып кетуді жөн көрдік. Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына арналған алғашқы әліппе мен қазақ тілі грамматикасына арналған тұңғыш оқулықтың авторы, қазақша сауат аштыру мен қазақ тілін пән ретінде оқыту әдістерін баяндайтын құралдың иесі. Қазақ баспасөзінің негізін қалаушы.
Қазақ әліппесінің атасы һәм кемеңгер көсемсөзші Ахмет Байтұрсынұлының негізгі оқу құралдары «Қазақша Әлифбасы» Орынбор қаласында баспадан 1912 жылы шықты. Кітап «Би-иссми-иллаһи-рахмани-раһим» деген Құран сөзімен ашылады. Бірінші кітабы насихат өлеңмен басталады:
Балалар, бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!
Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алайық та!
Бұл кітаптың маңыздылығы сонда, ол оқушы балаларға «Жер түгінің аттары», «Ағаштар мен шөп аттарын» арнайы бөліп береді. «Жер жүзінің аттары» деген тақырыпта жер бетіндегі тау мен даланы, көл, теңіз, өзен, қыраттарды жеке дара қарастырады. Мақалалар да бала қабылдауына сай келеді. Мысалы, «Оқу – білім азығы», «Оқу – білім азығы, ілім – ырыс қазығы», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Білім жұғысады, ырыс ауысады», «Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас» деген қанатты тіркестер оқушының қабылдауына жеңіл, әрі тәлімдік мәні зор.
Қызылорда қаласында жаңа құрал ретінде 1926 жылы басылып шыққан «Әліп-би» атты оқулығының беташары Ахмет Байтұрсынұлының балаларға парыз еткен «Балаларға тарту» өлеңімен ашылады. Ғалым «Төте оқу», яғни дыбыс негізі әдісі туралы ғылыми мағлұмат береді. Сонымен қатар, сөзді «тұтас оқу» әдісі туралы айтуды жөн санайды. Осы ретте ұстаздар алдына бұрынғы «Оқу құралы» мен бұл «Жаңа құрал» екеуінің қайсысы үйретуге жеңіл?» деп нақты сауал да тастайды. Ғылыми істің осылай нақты тәжірибе арқылы сыннан өтуін талап ету бүгінгі оқулықтарға да қажет. Оқулықтың көркем мәтіндері қысқа, бірақ, маңыздылығы жоғары. Бүгінгі біздің бастауыш мектептерге арналған тым күрделіленіп кеткен оқулықтарымыздан гөрі осы аз сөзді, көлемі жұқа болғанымен, мағынасы терең кітаптың біздің ұрпақ оқытудағы бүгінгі әдістемемізге әлі де жолбасшы болары хақ.
Семей қаласынан 1926 жылы басылып шыққан «Сауат ашқыш», «Сауатсыз үлкендер үшін» кітаптарының алғашқысы дыбыс әдіс жолымен тәртіптелген. Төте жазу ережесінен кейін топтастырылып берілген мәтіндердің ересектерге арналғаны бірден аңғарылады.
Қазақ жұртының қоғамдық әлеуметтік дамуы үшін ұлттық баспасөздің атқарар орны ерекше. Өткен ғасыр басында отаршылдар қазақ жұртын бұратана санап, өз атымен атамай, «қырғыз» атағаны, ал, қырғыздарды «қара қырғыз» дегені тарихтан мәлім. Дәл осы тұста езілген елінің жоғын жоқтап, сол заманға лайықты үн көтерген «Айқап» (1911-1915жж.) журналы мен «Қазақ» (1913-1918ж.ж.) газеті болғаны белгілі. Осы басылымдарда мәні зор, әлеуметтік көкейтесті мәселелерді сөз етіп, сан алуан өзекті тақырыптарды көтерген ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсын-ұлы болатын. Қаламгердің «Тағы да халық соты хакында» мақаласы алғаш «Айқап» журналының 1911 жылғы 6-шы нөмірінде жарық көрген. Мақалада билердің орнына сайлау арқылы енгізілген «халық соты» деп аталатын лауазымға қатысты пайда болған жағымсыз құбылыстардың себеп-салдарына талдау жасалған. Әділеттіліктің айнасы болған билердің орнына әркім «өз елінің», «өз руының» шала сауатты адамдарын сайлаудың салдарынан бассыздық, заңсыздыққа жол беріліп, адам құқығы тапталатынын дәлелдейді. Ахмет Байтұрсынұлы сайлау жай талас емес, ол халықтың пайдасы үшін шешілуін талап етеді. «Қалал мен қарамды» талғауды еске салады, себебі жаман іс әркімнің қолынан келеді, жақсы іс қолдан келуі қиын. Мақалада автор «Осы күнгі билер қағида бойынша істемейді, ойына келгенін істейді» деп батыл жазады. «Қазақ жерін алу турасындағы низам» мақаласында ХХ ғасырдың басындағы жер мәселесінің ушығуы айқын көрсетілген. Ахмет Байтұрсынұлы жалпы жұртшылықтың заңды білмегендіктен құқықтары аяққа тапталатынын дәлелдеп, қазақтың жерін алуды мақсат еткен патша өкіметінің жарлығына нақтылы түсінік береді. Заңды білу арқылы жеке адам өз құқығын қорғайды деген үмітпен халықтың азаматтық санасын оятуға әрекет жасайды.
Бұл мақала 1911 жылы «Айқапта», 1913 жылы «Қазақ» газетінде қайта жарияланған. «Қазақ әм 4-ші Дума» атты мақаласы 1912 жылы жазылған дүние. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлы «Айқаптың» бетінде Думаға қазақ депутаттарын сайлау туралы жазылған мақалаларға қорытынды жасайды. Мемлекеттік Думаға қайткен күнде де қазақтан депутат сайлаудың ауадай қажет екенін айтады. Заң шығаратын орында қазақ халқының мүддесін жақтайтын және қорғайтын тек қана қазақ азаматы бола алатынын дәлелдеп көрсетеді. Шынында да қазаққа қатысты заң қабылдана қалған күнде оның кемшіліктерін айтып, басқа депутаттарға түсіндіре алатын қайраткер тек қазақтан сайланған болуы керек еді. Осы орайда 2-ші Мемлекеттік Думаға Орал облысынан сайланған Бақытжан Қаратаевтың қазақ жерін қызғыштай қорғап сөйлегені бәрімізге мәлім.
«Көшпелі әм отырықшы норма» мақаласы «Қазақ» газетінде 1913 жылы жарияланған. Мұнда қаламгер ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында ерекше дау туғызған жер мәселесі туралы баспасөз бетінде көтерілген пікірталасқа талдау жасайды. Біз бүгін «Малый кредит — шағын несие» алу деп жүрген мәселе туралы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Уақ қарыз» мақаласында ел арасында уақ қарыз беру мен алу ісін қалай ұйымдастыру қажеттігін талдап, түсіндіріп берген. Уақ қарызды тиімді ұйымдастырған жағдайда халыққа пайдалы болатыны дұрыс көрсетілген. Мақалада көрсетілген мәселелер қазіргі нарықтық қатынастар қалыптасып келе жатқан кезінде өз мәнін жоймағаны анық.
Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ әм түрлі мәселелер» (1914 ж.) атты мақаласында бұратана халықтар тек орыс тілінде оқытылсын деген мемлекеттік, империялық бағдарламаны қатаң сынға алған. Әрі мұны үнсіз қабыл алған өз жұртына «қарсы шығып, келіспейтінін білдіргенін» мысал өнеге етеді. «Қазақтың қарасын көрмегеңдер қазақ жайын қайдан білер. Қазақ аң сықылды, арам мен адалды айырмайды деп біледі, сондықтан қазаққа орыс ойына келгенін істейді». Бұл жөнінде газет бетінде дүркін-дүркін көтерілген даулы пікірге өз жұртының селт етпеуін «…үндемей отырғаны естімегеннен емес, жандығының жоқтығынан, үрейсіздігінен» деп намысын қамшылайды. Сонымен қатар, қазақ арасында дінді дамыту үшін ең алдымен бағдарлама жасаудың қажеттігін көлденең тартады. Мұсылмандықты биік дәрежеге көтеру үшін алдымен дін қызметкерлерін оқытып, дайындау керек екенін айтады.
«Заң жобасының баяндамасы» деп аталатын еңбек «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №80 нөмірінен бастап 1915 жылғы №105 нөміріне дейінгі аралықта жарық көрген. Мақалада орыс империясының қазақ жеріне қолын салып, басқару жүйесін өз мақсаттарына бейімдеуі батыл айыпталады. Автор қазақ халқының болмысына, этнопсихологиясына, ұғымына жат, сырттан теліген заңның қажетсіз екенін өте жақсы дәлелдеген. Бұл еңбек құқық тарихын зерттеп жүрген ғалымдар үшін бүгін де аса құнды материал.
Мақала ауқымды тақырыптарды қамтиды. Мәселен, «Қазақ халқын билеу туралы уақытша ереже», «Сайлау әм партия пәлесі», «Осы күнгі соттың тәртібіндегі кемшіліктер», «Билікті бұзуға іздену», «Сот ісіне кәкімдердің қатысы», «Билікті орнына келтіру», «Көшпелі халықтардың сотын өзгертудің негізі», «Судьялардың еңбекақысы», т.б. дүниелері бұқараның көзін ашуда таптырмас дүниелер еді. Осыларды ұдайы жариялап отырғаны үшін Ахмет Байтұрсынұлына Орынбор генерал-губернаторы 1500 сом айыппұл төлеуге немесе үш ай түрмеге жабуға үкім еткен. Ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, жұртына адал еңбек еткен Ахмет Байтұрсынұлы сырттан төнген қауіпті аса көрегендікпен сезген және оны төңірегіне түсіндіре де білген.
«Жәрдем комитеті» (1915 ж.) ақпараттық жазылым, бұл мақалада Ахмет Байтұрсынұлы табиғат апатына ұшыраған мұсылмандарға жәрдем берудің қажеттігін жазады. Бұл идея қазіргі кезде де өзінің мәнін жойған емес.
«Қазақ» газетінде (1915 ж.) «ов» туралы берілген түсініктемеде қазақтың аты-жөніне сырттай телінген «жұрнақтың» қажетсіз екендігі, оның орнына «ұлы», «қызы» деп жазудың тиімді екенін сол кездің өзінде дәлелдеген. Біз бүгін үйреніп кеткен «ов»-тың қазақ баласына «атасын, тегін» ұмыттыру үшін қасақана жасалған нәубет екенін енді түсінгендейміз. Десе де әлі күнге қазақтарды «ұлы», «қызы» деп ресми құжаттандыруды іс жүзінде асыруда сылбырлық танытып келеміз.
«Қазаққа ашық хат» (1916 ж.) атты мақаласында автор қазақтың мал санағынан қорқып, бағып-өсіріп отырған малының санын жасыруды әдетке айналдырғанын сынға алады. Әрі кең-байтақ қазақ жерінде мал көп, сондықтан артық жер жоқ, яғни отарлауға жол жоқ деген ұғымды орнықтыруға бар күш-жігерін салады автор.
Қазаққа жерді пайдалануда отырықшы норма емес, керісінше, көшпелі норма мақсатқа сай келетінін дәлелдейді. Егер қазақтар отырықшы нормамен жер алатын болса, көп жер артық қалады да, қоныс аударушыларға жер көп кесіліп берілетінін дәлелдейді. Және сөз соңын қазақ оқығандарына арнайды: «Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар; Алғашқы аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деп үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ғалымның «Қазақша оқу жайынан», «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері», «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек» атты мақалаларында қазақ балаларының оқуды жаңа талаптардың негізінде қалай ұйымдастыру керек екендігін баяндаған. Мұнда көтерілген келелі пікірлер дәл осы күні де мәнін жойған жоқ. (Ахмет Байтұрынұлы. Бес томдық жинағы, 4 т. Әліппелер мақалалар жинағы. — Алматы: «Алаш», 2006ж.5-14 б.б. ). Қазақ ұлтының болашағы, келешек ұрпақтары үшін өте құнды, бағалы, өлшеусіз ғылыми еңбектер жасаған ұлағатты ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының бұл істері бәрімізге де үлгі-өнеге болатыны сөзсіз.
Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ, ақын.