ҚР
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит
жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды тапсырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі
жүргізген инвентаризация бос жатқан 16,5 млн гектар жерді анықтады. Бұл –
мәселенің бір бөлігі ғана. Үкіметке барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне
аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды
тапсырамын. Жер – өндірістің басты факторы. Тиімділік пен ашықтық
болмаса, ауылды дамыта алмаймыз. Түсінеміз, өте қиын жұмыс, мұнда Ауыл
шаруашылығы және Цифрлық даму министрліктерінің үйлесімді жұмыс істеуі
маңызды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Мемлекет басшысы цифрландыру жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін
аяқтауды тапсырды. «Келесі жылдың соңында барлығы реттелуі тиіс. Бір
сөзбен айтқанда, барлығы цифрлануы тиіс», — деді Президент. Сонымен
бірге, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді қолдануды
нормативті және тәжірибе жүзінде қатаң бақылауды тапсырды. «Жер жұмыс
істейтін адамдарға берілуі тиіс. Үкімет, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы
министрлігі жердің тиімді пайдаланылуын бақылауды бастап кетті. Бұл
жұмысты соңына дейін жүргізу қажет. 2021 жылы Жер кодексінің кейбір
нормаларына мораторий аяқталады. Ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және
жалға беруге салынған тыйым жөнінде айтып отырмыз. Бұл мәселе бойынша
нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл туралы Парламент депутаттары, саяси
партиялар және қоғам ой қосады деп үміттенемін. Шетелдіктерге келсек,
жер оларға сатылмайды. Мұны анық түсінген жөн», — деді Қасым-Жомарт
Тоқаев.