Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын мәлімдеп, үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Сол дамушы ауылдар Сауран ауданында көптеп орналасуына байланысты ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаларда қосалқы шаруашылықтарды кооперативтік кәсіпке тартып, микрокредитті қолжетімді ету арқылы 350 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген болатын.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында да бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құрып, ауылдарды орнықтыру жолдарын көрсетті. Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз, — деп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді.
«Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн. Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек»,-дейді Мемлекет басшысы.
Бағдарламаға сәйкес 1 млн-нан аса ауыл тұрғынын қамти отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн теңге бағытталды. Сол сияқты жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтік кәсіпке тартып, микрокредитті қолжетімді ету арқылы 350 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.
Міне осыған орай, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып, «Аманат» партиясының тізімімен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, қазір Заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің мүшесі болып табылатын жерлесіміз Қайрат Рахымұлы Балабиевтің ауылдарды дамыту тұрғысындағы ой-толғамдарын оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.
7,7 млн адам ауылда тұрады. Алайда шаруашылықпен айналысатындары аз болса да, малмен жан бағып жүргендері жоқ емес. Түсінгенге ауылда береке бар. Мысалы Түркияда бұл салада он миллионнан аса адам еңбек етіп, өз елін жыл сайын 100 миллиардтаған табысқа кенелтіп келеді. Түркияның балы, інжір, жүзім, өрік, жаңғақтары әлемде алғашқы орында тұр. Еуропа, ТМД елдері мен бірқатар мұсылман мемлекеттің сөресінен тауарлары самсап тұрады. Израильдің жері егін салуға сай келмесе де, ішкі сұранысты өздері өтеп жатыр. Ал бізге оңай шағылатын жаңғақтың өзі Қытайдан, кептірілген жемістердің түр-түрі Өзбекстан, Тәжікстаннан келеді.
Түркия басымдықты егін және мал шаруашылығына берген. Ол жақта өңдеу ісі өте жоғары дамыған. Егін мен мал шаруашылығынан тоқыма-тігін және тамақ өнеркәсібін екі жақты дамытуға болады.
Ал бізде мал әрі кетсе сүт пен етке жарап тұр. Жүн түтіп, жіп иіретін, тері илеп, тон тігетін фабрикалар да, өзге де өңдеуші кәсіпорындар қалада емес ауылда салынса, ауыл адамдарын Президент жоспарлаған жұмыс орындарымен қамтуға болады. Сүт өнімдерін, томат пастасын, алма, өрік сусындары мен балмұздақ шығаратын зауыттар Алматы, Түркістан облысының тек кейбір аудандарында жұмыс істеп тұр. Оның өзі еліміз үшін аздық етіп келеді.
Жалпы кез келген саланың өсіп-өркендеуі кәсіпкерлерге тікелей байланысты. Үкімет тек жер беріп, субсидия немесе несие бөліп, жалпы ауылшаруашылығының даму стратегиясын әр өңірдің, тіпті аудан, ауылдардың жағдайына қарай жұмысты үйлестірумен айналысуы тиіс. Жоспарлы жүйе болмай, дұрыс даму да болмайды. Ауылшаруашылығындағы біресе жүгері, біресе мақта, біресе картоп, біресе бидай өсірушілердің наразылықтары нақты және тұрақты жүйесіздіктің кесірінен. Сондықтан ең алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі ұзақ мерзімді әрі жан-жақты талқыланып нақтыланған даму жүйесін құру керек. Бұл істе Америка, Қытай, Түркия, Еуропаның тәжірибелеріне сүйенген артықтық етпейді.
Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындаудағы AMANAT партиясының бірден-бір жобасы – «Ауыл аманаты» жобасы. Биыл шағын несие беруге 2,059 млрд теңге бөлінді. Оның 1 млрд 548 331 мың теңгесі — мал шаруашылығына, 511 млн 250 мың теңгесі — өсімдік шаруашылығына бағытталды.
Десе де қой саны — 5 мың, сиыр саны — 2 мыңға жетпейінше, мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалана алмайтын шектеулерді алып тастау керек. 3-4 мың қойы, 100-200 сиыры бар жеке шаруалардың кооперативтерге біріккісі келмейді. Өйткені кооперативтер арасында дау көп. Сондықтан жекелеген шаруашылықтар да Президент бастамаларының игілігін көру үшін ұсақ шаруашылықтарды да қолдау механизмін қолданысқа енгізу қажет.
Түркістан облысында халық көп болғандықтан, мемлекеттік қолдауға сұраныс та көп. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірге 19,7 млрд теңге бөлініп, оның 17,7 млрд теңгесі игерілген. Жыл соңына дейін бөлінген ақша түгел беріледі. Жоба 64 ауылдық округте 6 бағытта іске асырылды. Яки өсімдік, мал, балық, құс шаруашылығы, кооперация мен бағдарлама талабына сай келетін кәсіптерге жұмсалды. Алдағы жылға 30 млрд теңге қажеттілік туындап тұр. Төмен пайызды несиеге қолы жеткен жандардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Түркістан облысында қар жауады да еріп кетеді. Жаздың шілдесінде күнгейдегі аудандарда ауа температурасы 55 градусқа дейін ысиды. Қазір құмда жыңғыл мен сексеуіл, фармацевтикада бағалы саналатын кеурек, дермене сияқты өсімдіктер өседі. Ендеше шөлейтте өсетін өсімдіктер мен талдарды неге өсірмеске? Түркістанда есігінің алдында банан мен фисташки өсіріп, жемісін жеп жүргендер бар. Ертегі сияқты естілсе де, талаптанып еңбек еткенге көрінген таудың алыстығы жоқ. Лимон, банан, саңырауқұлақ өсіріп жатқандар, қосымша кәсіптің көзін тапқандар. Оның үстіне Оңтүстіктің климаты жылына 2-3 рет өнім алуға қолайлы. Осылайша қызанақ, қияр, құлпынай, орамжапырақ сияқты бақша өнімдерін жыл он екі ай өсіретіндер жұмыс істеп жатыр.
Жұмыс жоқтықтың салдарынан ауылдан кеткен адам көп, жастар да тұрақтай бермейді. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанның әрбір өңірінде су қоймалары салынып, 100 миллион гектарға жуық жерге су жеткізілген. Нәтижесінде суармалы егістік көлемі 2172 гектарға ұлғайған. 1990 жылға дейін 54 мың гидротехникалық нысандар салынған. Өкінішке қарай тәуелсіздік алған жылдары кеңес өкіметінің кезіндегі 730 мың гектар көлтабанға шейін талан-таражға түсіп кетті. Қазір сол олқылықтардың орнын толтыру үшін атқарылатын шаруа шаш етектен асады. Мелиорацияның ауыл шаруашылығына пайдасы көп. Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған су үнемдеу мәселесін шешуге септігі тиеді. Арабтар да сайын сахарасын суландырып, егіншілікпен айналыса бастады. Демек, қалауын тапса қар жанады. Ал, бізде су құмға сіңіп кетіп жатыр.
Үкімет су тапшылығын азайту үшін жаңадан 20 су қоймасын салмақшы. Құрылыс 2024-2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сай жүргізіледі.
Жылдың жағымды жаңалығы осы жауапты іспен арнайы айналысу үшін Президент Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сол сияқты Су Кодексіне де өзгертулер енгізіліп жатыр.
Президент тапсырмасы бойынша жерасты суларын пайдалану аясы кеңейтілмек. Ұлттық гидрологиялық қызметі құрылмақшы. Олар жерасты суларына мониторинг жүргізіп, іздестіру-барлау, гидрологиялық ұңғымаларды жоюмен айналысады.
Отыз жылдан бері лас су ішіп келген шардаралықтар жерасты суларын зерттеудің нәтижесінде сапалы ауыз сумен қамтылады. Сол сияқты Ұлттық гидрологиялық қызмет өз ісін сапалы атқарса, тұзды және шамадан тыс минералды судан бөлек, жер астынан таза су табады деген сенімдеміз. Сонымен қатар Президент тапсырмасымен Каспий теңізінің ғылыми-зертеу институты құрылады. Бұл да үлкен жаңалық. Ал су саласындағы кадрлық тапшылықты шешу үшін Қазақстанда гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация мамандарын даярлайтын ЖОО қажет-ақ. Бір гектар жоңышқаның өзін суғару үлкен өнер. Ауқымды жобалар үшін жоғары білімді мамандар қажет.
Еліміздегі 14 мың шақырым канал күрделі жөндеуден өтеді деп күтіліп отыр. Ауыл шаруашылығымен көбірек айналысатын Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысына қарасты 3500 шақырым су жүйесін цифрландыру басталды. Су үнемдеу технологиясы бойынша Түркістан облысында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы басталды. Оның аясында 10 мың гектардай алқапта су екі есе үнемделді.
Тамшылатып суғару әдісі кең тараған. Қауын, қарбыз, мақта да бұрынғыдай суғарылмайды. Негізі мәжбүрлік адамның жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сайрам ауданында егін егетін жер аздық еткенде, тастақты жерде израильдік тәсілмен қызанақ өсірілген еді. Демек қандай жерде тұрса да, ебін тапқан екі асайды екен. Жылыжайлардың дені Сарыағаш ауданында болатын, енді өзге де аудандарда жылыжай көкөнісін өсірушілер көбейіп келеді. Жылыжайларды ұстап тұру да оңай емес. Мемлекеттің демеуіне мұқтаж. Жылыжайлар мен мақташылар, сондай-ақ, бірқатар ауылдың каналдарын жөндеу бойынша жолдаған депутаттық сауалдарымның үкіметтен біршама қолдау тапқаны қуантады.
Қайрат Балабиев,
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.