Домой Мәдениет ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ АТ ӘБЗЕЛДЕРІ

ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ АТ ӘБЗЕЛДЕРІ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді»-деп нақтылап көрсеткен құндылықтардың бірі ат әбзелдері.

Осындай ат әбзелдерінің бірі Ұлы даланың белгілі перзенті, халық ақыны әрі композитор Нартай Бекежановтың тұтынған үзеңгісі. Үзеңгіні Түркістан қаласының тұрғыны 1999 жылы музейге өткізген. Үзеңгі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейі қорындағы Нартай Бекежановтың өзі тұтынған ат әбзелі болуымен де құнды жәдігерлердің бірі деуге болады.

Музей қорындағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы мен айтары бар. Соның ішінде ат әбзелдерінің тарихына аз-кем тоқталып өтер болсақ, үзеңгі ер-тұрман әбзелдерінің бірі. Ол атқа оңай мініп-түсу үшін және ат үстінде мығым отыру үшін пайдаланылады. Археологиялық зерттеулерге қарағанда үзеңгі б.з.б. I-мыңжылдықтан бастап қолданылып келеді. Бұл қарапайым зат бүкіл көшпелі өркениеттің алға басуына өз ықпалын тигізген құндылықтардың бірі. Қазақ шеберлері үзеңгіні ағаштан, қоладан және темірден жасаған. Ағаш үзеңгілер (солтүстік өңірлерде) қайыңнан иілген. Бақуат адамдар темір үзеңгілердің сыртын күміспен көмкеріп, кейде ою-өрнектер түсіріп жасататын болған. Дәстүрлі қазақ қоғамында үзеңгінің түрлері (жалпақ табан, торлама, ашамай, т.б.) көп. Музей қорындағы Нартай үзеңгісі жалпақ табан үзеңгі түріне жатады, үзеңгі жезден (латунь) құйылып жасалған. Үзеңгінің өлшемі 20х12,9 см. Үзеңгі бір-біріне құйылып жалғасқан екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі құлақ деп аталады. Құлақ үзеңгінің жоғарғы бөлігі яғни ерге былғары қайыс арқылы жалғанатын бөлігі. Үзеңгінің құлағы төртбұрыш пішінді болып биіктігі 3,5 см. ұзындығы 5 см. болып келген. Үзеңгінің екінші бөлігі басқыш немесе табан тірегіш деп аталады. Үзеңгінің табан тірейтін жері жалпақ болып жасалған ұзындығы 12 см. ені 5 см. табан тірейтін жерінің астынғы жағы иректеліп әсемделген. Үзеңгі ердің екі қапталына қайыс бау арқылы тағылады. Екі қабырғасының жоғарғы жағында таралғы өткізетін тесік болады, ал аяқ киімнің табаны тұратын жері тұтас сопақша болып келеді. Ерге үзеңгі тақпаса адам атқа оңай мініп, оңай түсе алмайды. Тіпті атқа мінген күннің өзінде де аяғын үзеңгіге салып отырмаса атқа орнықты отыра алмайды. Сондықтан үзеңгі ат әбзелдері ішіндегі маңызды бөлігінің бірі саналады.

Музейіміздің қорында сонау Әмір Темір жасатқан жәдігерлер мен Қабанбай батырдың қанжары сынды құнды да бағасы жоқ мұралардың арасында қазақ өнерінің майталманы, өнері қайталанбас біртуар ақын-компазитор Нартай Бекежановтан қалған жәдігерде құнды дүниелер қатарынан ойып орын алатыны белгілі. Нартай ақынның үзеңгісі кезінде ақынның ат үстінде тұрып домбырасымен, сырнайымен еркін ойнауына көп пайдасы тигендігі айдан анық.