Домой Әлеумет ОБЛЫС ӘКІМІ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНЫҢ ШАҢЫРАҒЫНДА БОЛДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНЫҢ ШАҢЫРАҒЫНДА БОЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Қамқорлық» бағдарламасы аясында көмек көрсетілген Төлеби ауданы, Зертас ауылдық округіндегі 8 балалы отбасының шаңырағына барып, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Көмекке мұқтаж Қуат Оралов шиттей бала-шағасымен алақандай бір бөлмелі үйде тұрып жатыр. Тұрақты жұмысы жоқ отбасы кәмелет жасына толмаған балаларына алатын жәрдемақыға жан бағып жүр. Бағдарлама аясында отбасына қол ұшын созған жергілікті кәсіпкер жуық арада үйінің шатырын жөндеуді жоспарлауда.

«Масылдық пен мұқтаждықты ажырата білуіміз керек. Мұны әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен бөлінетін жәрдемақыны өздеріне жұмсау қажет. Жерден асқан байлық бар ма? Үйдің алдындағы бақшаға қажетті жеміс-жидек егіп, балаларды еңбекке баулу керек. Бәріміз ауылда өстік. Адамды адам еткен, еңбек. Ертең үй салып жатқанда да бір кісідей балаларыңызбен бірге сол үйдің құрылысына көмектесу керек», – деді облыс әкімі.

Жалпы аудан көлемінде тұрмыстық жағдайлары өте төмен, қиын жағдайдағы 86 отбасының тізімі жинақталған. Оларды жеке қамқорлыққа алу мақсатында қала, ауылдық округтердің әкімдері, депутаттар мен кәсіпкерлер тартылып отыр.