Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Арыс
қаласына келді. Алдымен вице-премьер Атырау облысына қарасты №1 сектордағы
құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысты. Ол аумақта 482 үй орналасқан. Зақымданған
431 үйдің қазіргі таңда 3-уі толық жөнделген. Ал «BI Group» компаниясы осы
сектордағы 88 үйді қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып отыр. Жұмысшы топ
кейін Нұр-Сұлтан қаласына қарасты №9 секторға аялдады.
Онда 655 үй бар. Аумақта қайта қалпына келтіруге қажетті 572 баспананың
105-інде құрылыс толығымен аяқталған.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары 1904
жылы іргетасы қаланған «Арыс-1» теміржол вокзалына да аялдады. Мұндағы тірлік
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ тиесілі. Басқарма төрағасының бірінші
орынбасары Арман Жетпісбаев міндеттелген шаруа толығымен уақытылы атқарылып
жатқанын мәлімдеді.
Кейін топ Шымкент қаласына қарасты 10-секторда
болды. Онда есеп бойынша 652 үй тіркелген. Жөндеуді қажет ететін 604 үйдің
138-інде бүгінде жұмыс толық аяқталған. Бұдан кейін жұмысшы топ қалалық емхана
мен орталық стадиондағы жөндеу жұмыстарына көңіл аударды. Іссапар аясында
Нұр-Сұлтан, Ақмола, Қостанай қалаларына тапсырылған секторлардағы жұмыстар
назарға алынды.
Арыс қаласаның бүгінгі жай-күйімен танысқан Жеңіс
Қасымбек сапар соңында шаһарды қалпына келтіру бойынша құрылыс-жөндеу
жұмыстарын қарқындату қажеттігін тапсырды.