Домой Қоғам ЕЛДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ ЖӘНЕ ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ РОЛІ ЗОР

ЕЛДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ ЖӘНЕ ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ РОЛІ ЗОР

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Түркістан облыстық өкілдігі мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ұйымдастыруымен Кентау қаласында имамдардың діни біліктілігін арттыруға арналған семинар болып өтті. Семинарға Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді, Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» басшысының міндетін атқарушысы Медет Халықов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» оңалту жұмыстарын жүргізу бөлімінің меңгерушісі Мұрат Мұстафаев, Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тойшиев Ғалымжан Амирханұлы, Кентау қаласы және оған қарасты ауылдардың имамдары және ақсақалдар қатысты.
Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді семинарды ашып беріп, елдегі қоғамдық және діни тұрақтылықтың маңыздылығын, оны сақтауда дін қызметкерлерінің ролі зор екендігін айтты. Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етуде, түрлі діни ұйымдардың құйтырқы идеологиясына қарсы тұруда, зайырлы қоғам принциптерін ұлықтауда аянбай еңбек етуге шақырды.
Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» басшысының міндетін атқарушы Медет Халықов «Абай Құнанбайұлы және Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектеріндегі дін мәселелері» тақырыбында ғибратты әңгіме айтты. Сонымен қатар, күнделікті өмірімізде орын алатын діни мәселелерді құқықтық және діни тұрғыдан түсіндіріп берді.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығының» оңалту жұмыстарын жүргізу бөлімінің меңгерушісі Мұрат Мұстафаев кереғар діни ағым ықпалынан сақтану жолдарын, ол идеологияның ықпалына түскен азаматтарды дәстүрлі жолға бейімдеу тәсілдерін тереңінен түсіндірді. Салиқалы семинар соңында ҚМДБ- сы Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді мешіт молдаларының сұрақтарына жауап беріп, өз білімдерін ұдайы жетілдіріп отыруды, дін қызметкерлері арасындағы ауызбірлік пен ынтымақтастықты берік етіп ұстауды сұранды.