Бүгін Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Арыс қаласындағы Түркістан штабына барып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.
Қазіргі уақытта Түркістан және Нұр-Сұлтан қаласы 9-шы учаскеге жауапты. Онда 600 жеке меншік, 59 көпқабатты үйлер, 6 әлеуметтік және 22 коммерциялық нысандар орналасқан. Соның ішінде 10 жеке үй мен 5 көпқабатты үй тұруға жарамсыз күйге түскен. 30 үй жөнделді, қазіргі уақытта 65 жеке және көп қабатты үйлерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нұр-Сұлтаннан 11 компания мен 186 жұмысшы тартылды. Жергілікті тұрғындарға 38 тонна азық-түлік таратылды. 245 тонна қоқыс шығарылды. Түркістан қаласынан 1 камаз, 1 жүк тиегіш, 1 автобус және 1 су тасушы көліктер жұмылдырылғанын айта кеткен жөн.
Тиісті шараларды уақытында және сапалы атқару үшін жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін алға тартқан қала әкімі жауаптыларға бекітілген аумақтағы нысандарды өз деңгейінде қалпына келтіру барысындағы тапсырмаларын берді.