Inicio Мәдениет ТҮРКІСТАНДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында яғни қаладағы Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебінде айтулы шара өтті. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» тақырыбында ұйымдастырылған мәдени шараға белгілі мәдениет майталмандары қатысып, жас оқырмандарға рухани азық сыйлады.Мәдени шара мектеп директор Алтынбек Момбековтың алғысөзімен ашылып, мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мектеп оқушылары ұсынған «Тоғысқан тағдырлар» көрінісі Төлеген және оның отбасылық тағдырын, өмірлерін көрсетті. Ұл-қыздарының қиын-қыстау кезінде көргендері жайлы сыр шертті. Төлеген ақынның өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдары кандидаты, ақын Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанат Айбергенова, белгілі композитор, әнші, сазгер Құралай Сатмуханбетова, ақын, сазгер Жолдыбай Мұзаппаров, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Фатима Жүнісова, «Дүние таланттары одағының» Президенті Дана Даулетова, белгілі композитор, әнші Сауранбек Елеуов сынды мәдениет майталмандары кітап оқудың маңыздылығы туралы ой қозғап, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірумен қатар ән мен жырдан шашу шашты. Ал, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Жанар Абдухаликова шараға қатысқан мәртебелі қонақтар мен ұйымдастырушыларға бөлім басшысының «Алғыс хатын» табыс етсе, өз кезегінде қонақтар мектеп кітапханасына кітаптарын тарту етті. Кеш барысында СалтанатТөлегенқызының әкесінің өмірі мен шығармашылығын тоғыстырған “Тоғысқан тағдырлар» атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. Бұл шарада да көпшілік оқырмандар сөз алып, Төлеген ақынның шығармашылығына тоқталды. Ал, “Парасатты жол» тақырыбында өткен сыр-сұхбат барысында Салтанат Төлегенқызы бұл кітапты жинақтап шығарудағы мақсатын түсіндірді. Бүгінгі шараның басты жаңалығы ақын Төлеген Айбергеновтың атындағы сыныптың ашылуы болды. Мектептегі ақын есімі берілген қазақ тілі сыныбы талапқа сай безендіріліп, шығармашылық иесі туралы деректермен толықтырылған. Сыныптың қызыл лентасы салтанатты түрде қиылды. Әнші, сазгер Құралай Сәтмұханбетованың «Елге сапар» әнімен қорытындыланған кеште жиналғандар шараны жоғары деңгейде ұйымдастыра білген мектеп басшысы мен ұжымына, әсіресе шараның өтуіне ұйытқы болған мектеп кітапханашысы, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі Алима Сүнетілләқызына шынайы ризашылықтарын жеткізді.