Inicio Басты жаңалықтар ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗДЕРІНЕН ТЫҢДАДЫ

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗДЕРІНЕН ТЫҢДАДЫ

Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесуді бастады. Алдымен Жаушықұм ауылының тыныс-тіршілігімен танысқан аудан басшысы мұндағы салынып жатқан ауыз су торабында болды. Ауыз су торабының құрылысы алдағы тамыз айының соңында аяқталады деп күтілуде. Қайрат Жолдыбайұлы 9-20 метр тереңдіктен су тартып шығаратын бұрғыны да барып көрді. Сағатына 16 текшеметр су айдайтын ауыз су торабының құрылысына 221 млн теңге жұмсалып отыр. Аудан басшысы тиісті мамандарға жұмыстың сапалы аяқталуын қадағалауды тапсырды.
–Құрылыс нысаны өз уақытында аяқталып, халықтың игілігіне тапсырылуы керек. Кемшілікке жол берген азаматтарға қатаң түрде шара қолданылады. Басты мақсат – ауылды ауызсумен қамтамасыз ету, – деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген басты мәселе де осы ауыз судың жағдайы болды. Жаушықұмдықтар сонымен қатар егістік алқапты суландыру, оған тартылатын электр энергиясын арзандату жөнінде де мәселе көтерді.
Олардың айтқан өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған Қайрат Жолдыбайұлы мұның барлығы да хаттамаға түсіріліп, оң шешілуі үшін жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
–Орталарыңызға келгендегі мақсатым – өзекті деген пробелмаларды өз ауыздарыңыздан есту. Сіздер көтерген мәселелерді, егер де шешу жолдары оңай болса тез арада шешуге тырысамыз, ал, ұзақ мерзімде іске асатын болса кезең-кезеңімен атқаратын шаруалардың қатарына қосып, арнайы жоспар жасайтын боламыз. Өздеріңізбен ақылдаса, бірлесе отырып жұмыс жасасақ – алынбайтын асу болмайды деп сенемін, – деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Қ. Тұрысбеков ауылында өткен кездесуде тұрғындар негізінен ауылға көгілдір отын тарту, ауыз судың тоқтамай ағуы, егістік каналдарды жөндеу, ауыл шетіндегі көшелерге асфальт төсеп, жарықтандыру, ауыз су торабының айналасына жол тарту, қараусыз жатқан электр трансформаторларын қоршау, ескі мектеп ғимаратында қоныстанып отырған отбасылардың құжаттарын рәсімдеу, ауылдың мерейтойын лайықты түрде атап өту сияқты өтініш-тілектерін білдірді.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы нақты дәлелдермен жауаптар қайтарды. Аудан әкімімен бірге кездесуге келген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаратүнов, «Шардара коммуналсервис» КММ-нің директоры Құрманғазы Әкпаров, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұлов, басқа да бөлім басшылары өз салалары бойынша қойылған сауалдарға жауап беріп отырды.