Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құжыра бөлмесінде «Қазақфильм» және
«Оңтүстікфильм» киностудиялары түсірген деректі және анимациялық
фильмдер зияратшылар мен туристерге тұрақты түрде көрсетіліп келеді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келген әрбір
келуші жәдігерлермен қатар тарихи фильмдерді де тамашалап, алғысын
білдіруде.
2016 жылдан бастау алған бастама аясында Түркістанға қатысты деректі
фильмдер тамашаланса, 2018-2019 жылдары «Алмас қылыш», «Көшпенділер»,
«Жаужүрек 1000 бала» көркем фильмдері мен «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Көне
құмыраның сыры», «Қажымұқан», «Қазақ Елі», «Отырарды қорғау»,
«Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдерін тамашалауда.
-«Көрсетілімдер тек балалар ғана емес ересектер үшін де қызықты.
Алыс-жақын жерден келген қонақтар бір сәт демалып, фильмдерімізге де көз
жүгіртеді. Күніне орта есеппен 200-300- дей келуші Құжыра бөлмесіне бас
сұғады.Тарихи тағылымы мол бұл істің да берер тәрбиесі мол»,- дейді
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының
орынбасары Мұрат Тастанбеков.
Айта кетсек, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың
«Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде
жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары, батырлары мен игі
жақсылары тізімі цифрлы форматта үш тілде әзірленсе, кесене ішінде 2
ақпаратты киоскі, шағын кинозал, 3D тур қызмет көрсетуде. Сондай-ақ,
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің жаңартылған ресми сайтының мобильді
қосымшасы да іске қосылған.