Home Uncategorized  «СЕЗІМ САПАРЫ» СПЕКТАКЛЬ-ТУРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

 «СЕЗІМ САПАРЫ» СПЕКТАКЛЬ-ТУРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық  балалар мен жасөспірімдер театрының «Сезім сапары» атты спектакльтуры «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымымен өзге өңірлерге жол тартпақ. Өнер ұжымы қазақ драматургиясының үздік туындыларын сахналап қана қоймай, әр қойылым арқылы көрерменмен ерекше рухани байланыс орнатуды көздейді. Биылғы спектакль-тур аясында театр сүйер қауымға «МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» спектаклі ұсынылады. Қойылым Әзілхан Нұршайықовтың қазақ әдебиетінде өшпес орын алған романын жаңа қырынан сахналаған ерекше туынды. Режиссер Фархад Молдағали шығарманың мәнін сақтай отырып, бүгінгі заман көрерменіне жақын етіп жеткізуге тырысты. Ербол мен Меңтайдың мөлдір сезімі, соғыстан кейінгі жылдардағы күрделі тағдырлар сахнада шынайы әрі әсерлі көрініс таба білген. Спектакльде Ербол мен Меңтайдың кіршіксіз сезімі ғана емес, олардың айналасындағы тағдырлар да терең ашылады. Қойылым-махаббаттың асқақтығы мен адалдықтың құнын ұғындыратын әсерлі туынды. Әр көрермен бұл туындыдан өз өміріне жақын бір сәтті табары анық. Шынайы сезім мен адам жанының терең иірімдері сахнада жаңаша тыныс алып, көрермен жүрегіне жол табары сөзсіз. Классикалық туындының сахналық нұсқасы уақыт өзгерсе де, шынайы сезімдердің мәңгілік екенін дәлелдейді. 

«СЕЗІМ САПАРЫ» АТТЫ СПЕКТАКЛЬ-ТУР аясында театр ұжымы қойылыммен Қазақстанның 10-нан астам қалаларында аншлагпен өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Осы сұранысты ескере отырып, биыл «Сезім сапары» аясында спектакль-туры 15-ші сәуір күні сағат 19:00-де Түркістан музыкалық-драма театрында, 18-ші сәуір күні сағат 14:00 және 19:00-де Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында, 20-шы сәуір күні сағат 14:00 және 19:00-де А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өз көрерменін махаббатпен күтеді. «Сезім сапары» өнер арқылы халықпен қауышу, көрерменнің театрға деген қызығушылығын арттыру, қазақ сахна өнерін жаңа белеске көтеру жолындағы маңызды қадам. Билеттер аталмыш театрдың тикетон сайтында қолжетімді. Шынайы эмоциялар мен ұмытылмас әсер алғыңыз келсе біз сізді күтеміз, құрметті театр сүйер көрермен!

Театрдың баспасөз бөлімі

Мерей Алтынбек.