Home Басты жаңалықтар ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ЖАНКҮЙЕРЛЕРІНЕ ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛАДЫ?

ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ЖАНКҮЙЕРЛЕРІНЕ ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛАДЫ?

Қысқы ойындардың барысымен әлемнің түкпір-түкпірінен келген 28 мыңнан аса тілші таныстырады.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Қытайда журналистік аккредитациясы бар тілші болғандықтан мен көрермен ретінде Олимпиаданы тамашалауға мүмкіндік алдым. Бұл үшін бірқатар шарт орындауға тура келді. 14 күн бойы Бейжіңнен кетпей, коронавирусты жұқтыру қауіпі орта және жоғары танылған аймақтарға бармау керек болды. Қалада осындай бірнеше аймақ бар. Сондай-ақ вакцинаның қажетті барлық компонентін алу керек. Егер екінші екпеден кейін жарты жылдан аса уақыт өтсе, бустер салдыру міндет. Қолымда соңғы екі күнде жасалған екі тесттің нәтижесі бар. Шара аяқталғаннан кейін де екі тест тапсыру шарт. Яғни жабық аймақтан тыс тұратын қатысушылар күн сайын тест тапсырып тұрады. Олимпиада өтетін күндері бізден қоғамдық орындарға бармауды сұраған. Көрермендер жабық аймақта тұратын спортшылар мен өзге қатысушылармен араласпауы тиіс. Ауру жұқтыру қауіпін барынша азайту үшін Қытай билігі осындай қатаң шаралар қарастырған. Бүгін күн салқын болғандықтан, бәрі жылы киінген. Тіпті 4 сағат бойы сыртта жаурамас үшін көрермендерге қандай киім кию керектігі туралы нұсқау да берілді. Ал, ең қызығы, біз әйгілі Құс ұясы стадионына жету үшін ашылу салтанатына 8 сағат қалғанда жолға шықтық. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл әр көрерменді мұқият тексеру үшін қажет. Дорба алуға болмайды, бар заттарды қалталарыңызға салу керек. Алдымен бір автобуспен қалалық саябаққа жеттік. Сонда тексеруден өтіп, стадионға апаратын басқа автобусқа міндік. Жалпы көрермендердің көңіл-күйі жақсы. Ашылу салтанаты қалай өтетіні құпия ұсталуда. Әдеттегіден қысқа болатыны белгілі, бір сағат 40 минутқа жалғасады. Бұл пандемия және суық ауа-райына байланысты. Шоуға 3 мыңдай адам қатысады. Оны белгілі қытай режиссері Чжан Имоу дайындаған. Ол 2008 жылғы Олимпиаданың шоуын да қойған болатын. Бұл шараға шашамен 30 елдің мемлекет басшылары қатысады деп жоспарланған. Көрермендерді әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шықпай, камераларды алмауға шақырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Халықаралық Олимпиада комитетінің ережесі осындай. 

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sport/item/525966-bejzhi-olimpiadasynda-zhank-jerlerge-andaj-talaptar-ojyldy