Home Спорт Түркістан: Токио Олимпиадасына баратын спортшыларға қолдау көрсетті

Түркістан: Токио Олимпиадасына баратын спортшыларға қолдау көрсетті

Токио Олимпиадасының басталуына 1 айдан астам аз уақыт қалды. Дүбірлі сынға Түркістан облысының өрендері 5 жолдама еншілеген болатын. Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Токио төрінде бақ сынайтын Түркістан облысының спортшыларын қабылдап, жеңіс тіледі.Кездесуде өңір басшысы демеушілер есебінен әрбір спортшыға 1 млн. теңге, олардың бапкерлеріне 300 мың теңгеден қаржылай сыйлық табыстады. Сонымен бірге өңір басшысы Олимпиададан жеңіспен оралған спортшыларды үлкен тосын сый күтіп тұрғанын айтты.

Пандемияға байланысты 1 жыл кешіктіріліп өтетін төртжылдықтың басты додасында Түркістан облысынан боксшы Сəкен Бибосынов, дзюдодан Дидар Хамза, байдарка жəне каноэ есуден Наталья Сергеева, параканоэдан Бибарыс Спатай мен академиялық Владислав Яковлев бақ сынайтын болады. Қатаң іріктеуден өтіп, Олимпиаданың лизенциясын жеңіп алған спортшыларға Түркістан облысының əкімі Өмірзақ Шөкеев сәттілік тілеп, ақыл-кеңес берді.

«Әрбір жеңіс – үлкен еңбектің жемісі. Жеңіске деген нық сенім болу керек. Түркістан облысының 2 миллион тұрғыны – сіздердің жанкүйерлеріңіз. Сіздерге халқымыз сенім білдіріп, мол жауапкершілік артып отыр. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде спортшыларымыз еліміздің намысын жоғары деңгейде қорғап, ғаламат жетістіктерге жеткізді. Сол жеңімпаздардың жолын берсін. Құрылғанына енді ғана 3 жыл болған Түркістан облысының алғашқы Олимпиада жеңімпаздары ретінде тарихта қалатындарыңызға сенімдімін. Сіздерді жеңіспен күтеміз»,– деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімімен кездесу барысында спортшылар ел сенімін ақтауға уәде берді. «Біз тек жеңіс үшін күресеміз. Кез-келген спортшының арманы – Олимпиадада жеңіс тұғыран көріну. Сондықтан бұйырған мүмкіндікті жіберіп алмау үшін бар күшімізді саламыз», – деді байдарка жəне каноэ есуден Олимпиада лицензиясының жеңімпазы Наталья Сергеева. Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында өтеді. Лицензияға ие болған барлық спортшылар коронавирусқа қарсы екпе алды.