Арманыңды ақтармын ба, жүрегімде тербесем?
Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен, — деп Төлеген ағамыз айтқандай, Анаға жетер құдірет бар ма, сірә?!
Құрметті ұлағатты ұстаздар, асыл жар, аяулы аналар! Сіздердің мейірімділіктеріңіз бен кеңпейілділіктеріңіздің алдында бас иемін.
«Ұстаз – анаңдай ұлы» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі қалайша дәл айтылған десеңізші. Әр шәкіртті балаңыздай баптап, қыран етіп қанатын қатайтып ұядан ұшырып, оның әр жетістігіне анасындай қуанып, оны мақтаныш етіп отыратын ұстаздар таза ұлылықтан жаралған ау!
Бір тағдырды дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсіру жауапкершіліктің үлкені. Ал, сіздер бір тағдыр емес мың тағдыр, мың тағдыр емес ау, миллиондаған баланың тағдырына алаңдап, оны бағып-қағып өсіресіздер. Әлемдегі ең үлкен жауапкершілік сіздерде. Сондықтан ең үлкен құрметке де сіздер лайықсыздар.
Ару көктемнің алғашқы мерекесі – 8-наурыз Халықаралық Әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып, бақытты да баянды өмір кешіңіздер. Дендеріңізге саулық, көңілдеріңізге шаттық, отбасыларыңызға құт-береке, ауызбірлік пен тыныштық тілеймін.
Оразкүл Шайхықызы Қолдасова,
Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы.