Домой Uncategorized Біліктілік тестілеу – сапалы білім көрсеткіші

Біліктілік тестілеу – сапалы білім көрсеткіші

Жақында ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде педагог қызметіне алғаш кіріскелі тұрған маман­дар­ға міндетті біліктілік тестілеуден өту талаптары туралы жазбасын жа­­рия­лаған болатын. Жазбада жазылған жаға ұстар жағдайлар тура­лы сарап­тамалық пікірімізді білдіру мақсатында қолымызға қалам алу­ға мәжбүр болдық.

Министрлік басшысының мәліме­ті­не назар аударсақ, 2021 жылы алғаш рет педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлек тестілеуден өткізілген. Өйткені жаңа ережеге сәйкес түлектер мектепке жұмысқа орналасу үшін педагогикалық ди­п­ло­мының болуы жеткіліксіз болатыны және қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндеттілігі айтылған. Жаңа ереже талаптары бойынша білімі мен қабілеті оқушыларды оқытуға жет­кіліксіз түлектер білім беру ұйым­­да­рына қабылданбайтын болды. Яғни тиісті деңгейде білімі жоқ тү­­лек­тер оқушылармен жұмыс істеу құ­қығынан айырылады деген сөз.

«Бастапқыда белгіленген шекті деңгейді айтарлықтай төмен­дет­ке­німізге қарамастан, түлектердің 46 пайызы ғана кажетті балл жинай ал­ға­нын айта кеткен жөн. Бұл – тест тапсырған 32 мың түлектін 15 мыңы ғана», деген министрдің мәлі­ме­тіндегі мән-жайға терең үңіліп, то­лы­ғы­рақ тоқталуды жөн көрдік.

Біріншіден, елімізде жоғары бі­лім­ді кадрлар даярлау мәселесін күн тәртібіне қойып, оған терең талдау жүргізілу керек деп естептейміз. Жо­ға­ры оқу орындарының білім беру қызметіндегі кемшіліктерге сарап­­­тамалар жасалуға тиіс. Білім беру бағ­дар­ламаларын зерттеп, зерделеу керек. Сонымен қатар тү­лектері білік­тілік тестілеуден өтпей, мектепке қабылданбай, дала­да қалған жоғары оқу орындарын жедел түрде анықтап, тиісті іс-ша­ра­лар қабыл­дау­ды қолға алу керек. Сапасыз білім берген ондай жоғары білім беру мекемелерін жо­ғары білім беру қызметін көр­се­туге құқық беретін лицензиялардан айыру мәселесі төтесінен қойылуы тиіс. Жоғары білімі бар тү­лектердің жартысына жуығы тестілеуден өте алмай, мектепке қа­былданбауы төтенше жағдаймен теңестіріліп, шұғыл шешім қабылдау мақсатында тиісті жоғары білім қызметін көрсете алмаған жоғары оқу орындары ректорларының жеке жауапкершілігін алқалы жиында, білім сапасы бойынша эксперттік қоғамдастық пен Жоғары оқу орындары қауымдастық өкілдерінің қа­тысуымен талқылап, түпкілікті ше­­шім қабылдануы қажет деп санай­мыз. Сондай-ақ сапалы білім беруді қамтамасыз ету комитетінің де про­фи­лактикалық бақылау ке­зін­де назардан тыс қалдырып, сапа­сыз білім беретін жоғары оқу орын­да­рының білім беру қызметіне бері­летін лицензия талаптарын орындауын қада­ға­лауды өз дәрежесінде жүргізуге нем­құрайдылықпен қарағанын да ескерген абзал.

Екіншіден, тәуелсіздік жылдары бойынша демей-ақ қояйық, соңғы бес жылда мемлекеттік тапсырыс­пен оқыған түлектердің мамандығы бо­йынша жұмысқа орналасу көр­сет­­кішіне мониторинг жүргізілуі керек. Өйткені «Атамекен» ұлттық па­латасы мен Білім министрлігі бір­ле­сіп жүргізілген зерттеу нәтиже­ле­ріне сүйенсек, түлектердің 70 па­йызы ғана жұмысқа орналасады екен. «Бюджеттен қыруар қаржы бөлініп даярланған түлектердің жартысынан астамы ғана жұмысқа орналасатын болса, біз кім үшін кадр даярлап жатырмыз?» деген сұраққа жауап беруіміз керек. Әлде жұмыссыздардың қатарын кө­бей­ту үшін бе? Өте қүрделі мәселе. Күрмеуі қиын көкейкесті мәселенің түйінін дер кезінде тарқатпасақ, бәрі кеш болуы мүмкін. Реті келгенде айта кетейік, министрлік соңғы кезде Президент тапсырмасына сәйкес, қазақтың технарь жас­тарын қалыптастыру мақсатында тех­ни­ка­лық мамандықтарға бөлінетін грант­тар көлемін өткен жылғы 40 пайыздан 60 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Бірақ жоғары білім бойынша Тәуелсіз эксперттер тобының мүшелері грант санын арттырғанымен, сапа көтеріліп кетпейді деген ұстанымдарын жария­ла­ған болатын. Сондықтан жоғарыда айтқанымыздай, педагог кадрлар сияқты техникалық мамандықтарды игерген жоғары білімді кадрлардың да мамандығы бойынша соңғы бес жылда жұмысқа орналасуына байланысты мониторинг жүргізіліп, нақты қанша кадрға сұраныс бар екенін анықтап алып, грант бөлу мәселесін қолға алған жөн.

Үшіншіден, жоғары білім бо­йын­ша кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс орналастыру тетіктерін түп­кілікті қайтадан қарау керек. Бө­лі­нетін әрбір грантқа тапсырыс бер­ген орталық мемлекеттік орган­дар мен жергілікті атқару билік өкіл­де­рінің жауапкершілігі қағидада нақты қарастырылуы қажет. Сонда жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ж­ұ­мыс­пен қамтамасыз ету өз нәтижесін беретіні сөзсіз.

Жалпы, біліктілік тестілеуден өту арқылы ғана мектепке жұмысқа қабылдайтын жаңа Ереже білім сапасына байланысты көп нәрсенің көкейкесті мәселелерін ашып бергені анық. Енді диплом үшін оқитындар саны азайып, біліктілікке мән беру керектігін түсінген түлектер қарасы көбейеді. Әйтеуір университетке түссем болды деген ниеттегі сту­дент те, балам диплом алса болды, бір мәнісі болар дейтін ата-аналар да азая­тын сияқты.

Біліктілік тестілеуден өту білім сапасының көрсеткішіне айналатынын терең түсінетін кездің келіп жеткеніне мықтап мән беруіміз керек. Білімі мен білігі келіскен Жаңа Қазақстанның жаңа құрылысшылары біз көтерген мәселелердің оң шешім табуына атсалысарына сеніміміз мол.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор