Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандарды көбейтуге мән беріп отыр. Осыған орай «Болашақ» халықаралық бағдарламасының бағыттарын қайта қарауды тапсырды. Нәтижесінде, биыл 2022 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 36%-дан 60%-ға дейін өспек.
Ең бір жағымды жаңалық, техникалық дайындық бағыттары бойынша үміткерлер үшін шет тілін меңгеруге арналған IELTS тестінің орташа балы төмендетілді. Енді 5.0 балл жеткілікті және бір жыл тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл шаралар техникалық мамандықтар бойынша оқыту мүмкіндігін кеңейтуге бағытталып отыр.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Әнуар Жанғозин: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бағдарламаны қайта бағдарлау процесі басталды. Енді инженерлік-техникалық кадрларды дайындау басымдыққа ие болмақ. Сондай-ақ «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жеңілдетілген санатын енгізу қарастырылып жатыр. «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыру кезінде олар міндетті түрде шетелдік университеттерге өз бетінше түспейді. Олар алдымен тіл курстарынан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама бойынша оқуға ұсынылған университеттер тізімінен оқу орнын таңдай алады», деді.
Орталық өкілінің айтуынша, ауылдық жерлерден келген үміткерлердің де мүмкіндіктерін арттыру жоспарланып жатыр. Мысалы, IELTS нәтижесімен ағылшын тілін меңгеру деңгейін 5.0 балға дейін төмендету, ауылдық жерлерде міндетті тұру мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін қысқарту жоспарда бар, оларға тілдік дайындықтан өтуге мүмкіндік беріледі. Осыған қоса аудандық маңызы бар қала тұрғындарын қосу арқылы ауылдық жерлерден кандидаттардың контингентін кеңейту және олардың санын ұлғайту ұсынылды.
«Барлық процесті оңайлату, автоматтандыру және ашықтық бойынша жұмыс жалғасады. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін стипендия беруге конкурстық іріктеу прокторинг пен античитингтің жетілдірілген жүйесімен жүзеге асырылады. Онлайн формат және бизнес-процестерді одан әрі автоматтандыру іріктеу жүйесін одан да ашық, қолжетімді, ыңғайлы және ұтымды етеді», деп атап өтті Ә.Жанғозин.