Қайырлы күн, Ләззат ханым! Сұқбатқа келісіп, уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымды білдіремін! Ең алдымен осы салаға қалай келдіңіз, содан бастасақ?
2010 жылы мен Астанада жұмыс істеп жүргенде, бір ұзатылатын қыздың киіміне көзім түсті. Бұл көйлек неге ашық-шашық, біздің қазақтың қыздары осылай ұзатылып па еді деген ой келді. Әрбір қазақтың қызы ұзатылады. Жат жұрттық боп жаратылған қыздың сән салтанаты жарасып, әдемі сәукеле, бүрмелі көйлекпен ұзатылуы керек қой деген ой келді. Сол ойды ойлап жүргенде, 2011 жыл Түркістанға келдім. Келдім де кәсіп бастауым керек дедім. Ойыма сол қазақилық, қазақтың сұлу қызы, зерлі шапан, ою-өрнек орала берді. 2012 жылы кәсіпті ашып бастадым, кіп – ішкентай ғана еді бутиктің іші. Сол ойдан ой туып, көйлектерге қошқармүйіз өрнектерін салып, диадема жасап дегендей. Cол ой жемісін беріп, нәтижелі болғалы 9 жыл өтіпті. Қазір екінші ательемізді ашып, оны да дамытып жатырмыз. Бұл біздің сұранысқа ие болғанымыздан деп ойлаймын.
Осы кәсіпті жүргізу, қыздардың көңілінен шығу қаншалықты қиын?
Менің Құдай берген 7 балам бар. Бірақ, мен көпбалалы анамын, үкімет маған көмектесу керек, жағдайымды жасасын деп отырған жоқпын. Менде пәтерде тұрдым. Осы 7 баланың несібесі деп, көштің соңында қалмайық деп көп еңбек еттік. Кез-келген кәсіптің қиын тұстары, өзінің белгілі бір қиыншылықтары бар. Сондықтан жалқаулықты жеңіп, тәуекелге баруды үйрену керек. Телефон шұқып, теледидар көріп үйде жата береміз. Қандай пайда? Мысалы, мен көйлектерді фейсбук, инстаграм желілеріне жариялап тұрамын. Қызығушылық білдіріп, сұрақ қойып, ұсыныс білдіретін шетелдіктер көп. Одан сайын жұмысқа деген қызығушылығым оянады. Бір қыздың көңілінен шықпаса, басқа қыздың көңілінен шығамыз. Талғамға талас жоқ қой. Керісінше, әркімнің талғамымен жұмыс істеп, жасаған жұмыстарымызды түрлендіріп, өзгертеміз.
Шетелдіктерден ұсыныс көп деп жатырсыз… алға қойған жоспарыңызға бұл ұсыныстар өзгеріс еңгізбеді ме?
Иә, бұйырса, тамыз айының аяғына қарай жаңадан ашқан ательемнен өзімнің авторлық туындыларымды жасап, подиумға шығарғым келіп жүр.
Сіз сияқты 7 баланың анасына мемлекет қандай көмек көрсетуде? Яғни, кәсібіңізге?
Осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмадым. Биыл ғана Атамекеннен кәсіпкерлік бойынша жоспарымды ұсынып, грант ұтып алдым. Ол қаржыға жаңағы айтқан «Айша» ательесін ашып, құрал-жабдықтар алдық. Мемлекет кімді болсын қараусыз қалдырмайды ғой, тек жаңағы айтқандай менің балам көп, уақытым жоқ деп жүрмесек, мүмкіндік көп.
Кез келген салада сәтсіздіктер болады. Қиындықтар мен сәтсіздіктерден қандай сабақ алдыңыз?
Дұрыс айтасыз. Мәселенің шешімі қиындыққа – қиындық деп қарамау. Сіз қиналдым десеңіз, қиындық қашып кетпейді ғой. «Кішігірім» сәтсіздіктер болды деп айтайыншы. Мұндай сәттердің бәрінде жолдасым көмектесіп, демеп отырды. Ол кісіге Алла разы болсын. Қиындық атаулы жұмысқа деген құштарлық, махаббаттың арқасында «ұсақ — түйек» болып қалады. Бастысы өз ісіңді жақсы көре білу.
Дәл осы салада жаңадан кәсіп бастайтындарға қандай кеңес бересіз?
Ең алдымен қандай іс бастасаңыз да сабыр. Қазір заман деген дамып жатыр, сауданың ебін табам деген кісіге маркетолог, смм деген саланың бәрі көмекке келеді. Жұмысқа жан дүниеңмен берілсең, оны алдыңызға келген адам да сезеді ғой. Дизайн деген нәрсе өз жан-дүниеңнен, қиялыңнан, қалауыңнан, қазақтың қызына деген махаббаттан шығуы керек. Еуропалық үлгідегі көйлектерді де қазақша сөйлетуге болады. Заманауи үлгі мен қазақи үлгіні байланыстырып осы күні небір әдемі көйлектер шығарудамыз.
Ел арасында сізді көпбалалы аналарға тегін тренинг жасағаныңыз туралы жақсы әңгімелер өріп жүр. Жүз мыңдаған табыс әкелетін қолөнер бұйымының жасалу әдісін тегін үйретіпсіз?
Қыз-келіншектің бәрі қолына ине ұстай алады. Тек шеберлік жетіспейді. Мен сондай аяулы жандардың табыс табуына себепші болғым келді. Көпбалалы аналарға ешқандай шектеу жоқ екенін түсіндіргім келеді. Менің осындай бастамаларымды қолдап отыратын екі анам мен жолдасыма алғысымды білдіремін.
Алдағы онжылдықта өзіңізді қалай елестетесіз?
Мен алдағы төртжылдықты айтқым кеп отыр. Өйткені, жасым қырыққа келгенге дейін келгенге дейін ательемді бір деңгейге шығаруым керек. Сосын, маған қанша жыл қолдау білдірген ерімнің қолынан ұстаймын да, көкжиек кеңейтіп, шетел аралап, білімімді толықтырамын. Қазір Түркістан қаласының тұрғындарының барлығы болмаса да біразы бізді біледі. «Сіздерден менің әпкем не болмаса жеңгем киім алып еді ғой» деп бізді іздеп келген кезде, сондай қатты қуанамын. Бұл жетістіктерді еселеу қажет. Қазіргі уақытта Семейде, Қостанайда өзім үйреткен кәсіпкер қыздарым бар. Сондай шәкірттерімнің де санын көбейтсем деймін.
Алдағы уақытта өзіңізді және туындыларыңызды биік мінберлерден көреміз деген үміттенемін. Уақыт бөлгеніңізге рақмет!