ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген ұлттық ойындар бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы аясында Түркістан қаласындағы мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақ, асық ату сайысы өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Наурыз айы «Мәдениет айы» болып жариялануына байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ұйымдастырған сайысқа Түркістан қалалық Адами капиталды дамыту бөліміне қарасты барлық мектептер және Балалар мен жасөспірімдер орталығындағы тоғызқұмалақ, асық ату үйірмесінің оқушылары қатысты.
Спорттық доданың мақсаты — еліміздегі бұқаралық спортты кеңінен насихаттау арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасына деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Ереже бойынша асық ату сайысына 3-7 сынып оқушылары, тоғызқұмалақ сайысына 3-10 сынып оқушылары қатысып, бақ сынады.
Асық ату сайысы бойынша 1-орынды Темірхан Ердәулет иемденсе, 2-орынға Жаңабек Бақкелді, Әбдірахман Иманғали лайық деп танылды. Сондай-ақ, 3-орын Бағланұлы Асылбек, Шекербай Нұртас, Ешпек Саянға берілді.
Тоғызқұмалақ сайысы бойынша 1-орынды Қоқыш Бекжігіт бағындырса, 2-орынды Жүсіпәлі Марғұлан, Ергенбайқызы Ақерке иеленіп, жүлделі 3-орынды Әбсаттар Нұрай, Ислам Нұрбекқожа, Дүйсенбек Інжу еншіледі.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы жеңімпаздарға бұқаралық спортты шебер меңгергені үшін алғыс айтып, ақшалай сый-сияпаттар мен қорық-музейдің баспа өнімдерін және дипломдар табыс етті.