Домой Мәдениет ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ҚАЗАҚЫ ДӘСТҮР ТАРИХЫ САХНАЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ҚАЗАҚЫ ДӘСТҮР ТАРИХЫ САХНАЛАНДЫ

14 наурыз «Көрісу» күніне орай Түркістан облысы Түлкібас аудандық мәдениет үйінде «Көрісу»күнінің тарихы туралы онлайн сахналық қойылым ұйымдастырылып кеңінен насихатталды . Көрісу күні жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны білдіреді.Адамдар бұл күні арасындағы бұрынғы өкпе-ренішті кешіріп,араздықты ұмытып, бір-біріне амандық-саулық тілейді.Көктемге аман-есен жеттік деп, бір-бірімен қол алысып, отбасының кішілері үлкендеріне қос-қолын беріп, көрісіп шығады.Көрісу күні имандылыққа, жақсылыққа негізделген.

Бүгінгі күні Қазақстанның барлық аймағына берік орныққан бұл дәстүр жыл сайын жергілікті халық сағына күтетін бірден-бір салт болып отыр. Бұл күні бауырсақ, тәттілерді оқушылар мен мұғалімдер мектепке де апара береді. Көрісіп болған әр адамға тамақ үйлестіріліп, «Бір жасыңмен!» деген тілек айтылады.

14 наурыз күні басталатын Көрісу мейрамы жыл бойы жалғасын табады. Көрісуде ауылда болмай, ауылға енді келген адамды көрген кезде, амандық-саулықтан кейін «Бір жасыңмен!» деп қол алысуымыз керек.

Таң лебі мен таң атысымен қазанда бұрқырап пісіп жатқан бауырсақтың иісі Көрісу күнінің белгісі іспетті. Әр үйдің үлкендері оянып, дастарханын толтырып, көрісіп шығатын бала-шағаны күтіп отырады. 14 наурыз күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды. Бәрінің есігі ашық, үйі жинаулы, дастарханы мол болып тұруы керек.

Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жаңа Жылы — 22 наурыз мерекесін қарсы алады…