«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, — деп ұлттың ұлы ақыны Хакім Абай жырлағандай, қай заманда болмасын қара сөзден төгілген өлең-жырдың құдіреті ерекше. Қоғамдық санаға сілкініс жасап, жастар арасында адалдықтың жарқын үлгісін қалыптастыруда өнегелі өлеңдердің ықпалы зор.

Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің ұйымдастыруымен жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Адал ұрпақ – ұлт болашағы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Рухани шараның негізгі мақсаты – қаламы қарымды, ойы орамды қаламгерлердің қабілетін шыңдап, өскелең жас буынның бойына ізгі қасиеттерді дарыту және олардың ел мен жерге деген отансүйгіштік сезімдерін арттыру.

Өңірдің жас жүйріктері бақ сынаған мерейлі мүшәйрада көркем сөзбен кестеленген айшықты жыр дестелер оқылып, адал өмір сүруге дәріптейтін даналық ойлар ортаға салынды.

Шара барысында сүбелі сөз зергерлері сыбайластықты өлең-сөзбен өрнектеп, ұтымды ұйқастар мен шабытты шумақтар арқылы көпшілік көрерменнің көңіліне терең ой салды.

Адалдықты арқау еткен жас ақындар арасында М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Кемелхан Аружан үздік шығып бас жүлдеге ие болса, жүлделі І орын №19 жалпы орта мектептің оқушысы Нұрғали Мерей мен М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Диханбай Ерсайынға бұйырды. Жүлделі ІІ орын қаладағы №17 мектеп пен №26 жалпы орта мектептің оқушылары Кейкі Дарын мен Розбаева Розаға бұйырды. Ал, үздік үштіктен №20 жалпы орта мектептің оқушысы Мейіржан Болат пен №9 жалпы орта мектептің оқушысы Әбжаппар Ердос көрініп, шалқар шабыттан туындаған шығармаларымен әділ қазылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Алдағы уақытта да жас буынның рухани болмысын бекітіп, парасаттылықтың биік шыңына дәріптейтін келелі шаралар өз жалғасын табатын болады.