Домой Мәдениет ТҮРКІСТАН: «ҮШ АҚЫН. ҮШ ӘЛЕМ. ҚАСИЕТТІ ҚАЛАМ» — 3

ТҮРКІСТАН: «ҮШ АҚЫН. ҮШ ӘЛЕМ. ҚАСИЕТТІ ҚАЛАМ» — 3

Жиынға қатысқан ақындардың бәріне бірдей қойылған сауалға Қазығұрттың тумасы, бір басына бірнеше өнер қонған ұстаз, ақын, аудармашы Абай Қалшабек алғашқы болып жауап берді:

— Мен  мұсылманмын. Бүкіл мәселеге мұсылманша қараймын. Сол көзқараспен жауап берейін. Ғалымдар қаламның үш түрі бар деп тұжырым жасайды. Біріншісі, Мұхаммед (с.ә.ғ.) пайғамбарымыздың хадисінде айтылатын, Алла тағала ең бірінші қаламды жаратты және оған «жаз» деп айт дейтін қалам. Құрандағы сүренің біреуі «Қалам» деп аталады. Екінші қалам, оң және сол иығымыздағы біздің амалдарымызды жазып отыратын періштенің қолындағы қалам. Үшінші қалам, біздің қолымыздағы, ұстаздардың, ғалымдардың, ақын-жазушылардың қолындағы қалам. Қалам өте қасиетті, киелі дүние. Екіншіден, қасиетті Құранда «Ақындар» деген тағы бір сүре бар. Осындай дәлелдерге сүйене отырып, әдебиеттің жойылуы, керексіз болып қалуы мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені оны Алла тағала құранға сүре, атау ғып беріп тұр. Жер бетінде мыңдаған өнер бар. Бірақ, бір-ақ өнердің аты қасиетті Құранда «Шұғара, яғни, ақындар» деп атау болып тұруы тектен-тек емес. Екінші, «ChatGPT-ге» бір тақырыпқа өлең жазсаңыз, техникалық түрде құрастырып береді. Бірақ, ішінде рухы жоқ. Теоретиктер айтады: «Өлеңдегі, прозалық  шығармадағы бүкіл нәрсені тармаққа, шумаққа бөліп, талдау жасап өлшеуге болады. Дегенмен, бұл жерде өлшенбейтін бір дүние бар. Ол — өлеңнің эмоциясы, рухы. Оны әдебиетшілер де, ғалымдар да, теоретиктер де өлшей алмайды. Сондықтан «ChatGPT-дің» оны істеуі мүмкін емес. Ақын-жазушыларды болашақта мүлде керек болмай қалады дегеніне келіспеймін. Тағы бір айтарым, Ахмет Байтұрсынов дүниені «жаратылған және жасалған» деп екі бөлікке бөледі. «Жаратылған» адам, көл, тау сияқты Алланың жаратқан дүниесі, «жасалған» адамның қолымен жасалған нәрселер. Осы жасалған дүниенің бәрін «өнер» деп айтады да, Ахмет атамыз өнерді «сөз, әуез, сәулет, кескін, сымбат» деп беске бөледі, осының ішінде ең мықтысы – сөз өнері. Неге? Өйткені, бұл өнер бүкіл өнердің қызметін атқара алады. Басқа өнер сөз өнерінің істегенін істей алмайды, — деп ежелгі қазақ даналығынан «Өнер алды — қызыл тіл». Бұл сөзді қазақ сөз қадірін білген соң айтты — деген дәлел келтіреді. Шынында да, бабаларымыз осыдан мың жыл, бәлкім үш мың жыл бұрын «Өнер алды — қызыл тіл» деп айтты. Арада қанша уақыт өтсе де, қазақтың бұл қағидасы жоққа шықпайды. Оны Абай бабамыз «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» — деп өлеңге өрнектеп салды. Бүкіл әлемге ақпараттар, идеялар, идеологиялар сөз арқылы тарап жатыр. Бұл дүниеде сөз өнерін ештеңе басып оза алмайды,- деп бұлтартпас дәлел-дәйектермен сөйлеген Абай ақын қас-қағым сәтте тренинг өткізіп, аудиторияны сілтідей тындырды.

Қасиетті қалам мен сөз өнерінің мәңгілік екенін сезінудің өзі қаламгерлер қауымына қанат бітіргендей ғажап сәттердің бірі десек болмас па? Біздің осы ойымызды қуаттай түскендей, қаламыздағы №28 мектеп-лицейінің директоры Лаззат Нысанқұлова да Абай Қалшабектің ұстаздық қабілетіне, білім ордасының мұғалімдеріне үлкен серпіліс берген бір сапарына алғыс айта келіп, тағы бір кездесудің орайын келтірсе деген өтініш-тілегін жеткізді. Тіпті, ата-баба дәстүрімен шапан жабатын ниетін де айтып өтті. Жалпы, бұл күнгі кездесу оқырман мен ақындар арасына алтын көпір салынған ғажайып сәттерге толы шығармашылық кеш болды. Өлеңдер де оқылды. Тілектер де айтылды. Ақын ағаларының жолын қуған ізбасар жастар да балаң жырларын жұртшылық назарына ұсынды. Қашандағыдай Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығына қарасты ұлағатты ұстаз Гүлжан Оразгелдиева жетекшілік ететін көркемсөз оқу үйірмесінің оқушылары ақын ағаларының өлең-жырларын жатқа айтты.

Сондай-ақ, Әлімжан Әлішер де осы сауал төңірегінде ой қозғай келе:

«Мысалы, ақын мен ақын емес адамды қалай ажыратуға болады? Өлеңнің формасын, ұйқастың түрлерін келтіруге болар, бәлкім. Бірақ, Абай айтқандай, ол өлеңнің жаны, рухы, шынайылығы, табиғилығын бере ала ма? Мәселен, қыздарды гүлге теңеген адам бұрын өлең шығармаған болуы да мүмкін. Бірақ гүлге теңеудің өзі – поэзия. Оның ішінде жан бар, көп нәрсе айтылады. «Chat GPT-ді» мен өзім де қолданам. Зерттеп те көргем. Қазір ол өз деңгейінде ашылған жоқ. Кейін ашылуы да мүмкін. Ашылған күннің өзінде де ол сіздерге қажетті поэзияны бере алмайды. Сіздің есебіңізбен жазып беруі мүмкін. Алайда, сіздің жан дауысыңызды жеткізе алмайды. Жасанды интеллект барлық мамандықты игеруі мүмкін, бірақ шығармашылық адамдарды ауыстыра алмайды деп есептеймін. Қазақтың қара өлеңінде бір қатар бар: «Іші алтын, өлеңнің сырты күміс» — дейді. Іші алтын деп өлеңнің ішкі мазмұнын бірінші орынға қойып отыр. Яғни, ішкі мазмұнды ешбір компьютер, технология бере алмайды. Сыртқы келбетін, ұйқасын дамытуы мүмкін. Дәл қазір ол өлең жаза алмайды. Есептер шығарып жатыр. Аудармалар жасап жатыр. Өнер мектебінде сабақ беретін ұстаз ретінде айтарым, шығармашыл болыңыздар! Ең бірінші орында форма емес, эмоция болу керек» — деп жалғастырған әңгімеден облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ерлан бауырымыздың жасанды интеллект жайлы қойған сауалының ақын-жазушылар қауымын бейжай қалдырмағандығын аңғардық.

— Жасанды интеллектке байланысты ой бөлісер болсам, ол өзінің аты да айтып тұрғандай, адамның жасаған жасанды дүниесі. Адамның соны жасауға миы жетіп тұрғасын ол адамнан асып түсе алмайды, — деді Бауыржан Ерман да бұл сауалға нақты көзқарасын білдіріп.

— Сіздердей жазатын ақындар-жазушылар барда, осы кісілердей оқырмандар барда қазақ шығармашылығы ешқашан өлмейді деп санаймыз. Ғылым мен техниканың дамуына байланысты туындап жатқан «Сhat GPT» енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан техникалық ақын. Ол да уақыт өте келе жазуы дұрысталар. Бірақ, сіздердей ақын-жазушылардың төл туындысын оқудың өзі біз үшін ғанибет! Осындай кеш сыйлағандарыңызға алғысымды білдіремін. Жазарларыңыз таусылмасын! Абай аға, Бауыржан бауырым  қаламдарыңыз мұқалмасын. Әлімжанмен  бір факультетте бірге оқығанбыз.  Талай мүшайраларда Мұқағали Кенжетайұлы бастаған топпен қатысып едік.  Биіктен көріне беріңіздер! — деді оқырмандар атынан тілек білдірген Ақтөре  Қайрат.

Аққан жұлдыздай жарқ етіп өткен курстасым Төрегелді Байтасовтың ұлы, асылдың тұяғы, алтынның сынығы Төребек Байтасов, көңілді селт еткізер  өлеңдерімен поэзия әлеміне өрнек салып жүрген Айгерім Жұмабаева, тағы басқа да әдебиет жанашырлары ақжарма тілектерін білдірді.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» — дегендей, ақын ағаларының алдында ақ уыз өлеңін оқып баталарын алғалы келген Әмір-Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Жорабек Ғалымжан «Шабыт» атты туындысымен поэзия мерекесіне шашу шашты. Кітаптарын шығарып, сүйікті оқырманымен жүздесіп, бақытқа кенелген ақындардың поэзия мерекесінің шуағына бөленіп, осылай шалқып қайттық! Ежелден ырымшыл халықпыз ғой. Үмітін үкілеп, «талаптың тұлпарын мініп» ата-баба дәстүрімен бата алғалы келген Жорабек Ғалымжандай  жастарымызға ақын ағаларының жолы жұғысты болғай!

P.S. Дегенмен, сол күнгі жасанды интеллект туралы көтерілген тақырып ойымнан кетпей, басымда шыр көбелек айналып тұрып алды. «Сhat GPT-ді» қолданып көрмек болып, өзге телефоннан өзім туралы ақпарат сұратып едім, басын дұрыс бастағанмен, жеке басымның мәліметіне келгенде «шатаса» бастады. «Неге жалған ақпар бересіз?» — деген сауалыма «Сізді алдайын деген жоқ едім. Кешіріңіз!» — дейді. Толық ақпарат бермесе де әдепті екен.

Роза НАРЫМБЕТОВА.