Қай өлең болсын автордың жүрегіне жақын. «Орынбор көшесі» деген өлеңімді бірінші рет оқиын деп тұрмын жұрттың алдында. Астана қаласында «Орынбор» деген көше бар еді. Қазір кішірек көшеге ауысыпты саяси жағдайларға байланысты. Орынборды көрген кезде санаңда кешегі Ахмет Байтұрсыновтар, Жүсіпбек Аймауытовтар, Әлихан Бөкейхановтардың істеген ісін, жүректегі тарихты оятады. Қалқаман Сарин ағам екеуміз бір кештен шығып, таксимен кетіп бара жатқанымызда, жүргізуші «Орынбор көшесі ғой» деп айтып қалды. Сол сөз қатты әсер берді. Неге? Өздеріңіз білетін, баршамызға қадірлі Мекемтас Мырзахметов атамыз бірде «В.Ленин астананы Орынбордан неге ауыстырып жіберді? Өйткені, Орынборда қазақ интеллигенциясы қазақ мемлекетін құра бастады. Ленин соны байқап қойды» деген еді. Осындай толқыныстардан туған өлеңім еді, — деген ақынның шумақтары былайша өрілді:
Есімде жоқ. Айдың бүгін нешесі?!
Кетті менде кімнің қанша есесі.
Қалың ойға оранып ап келемін
Түн. Астана. Мақатаев көшесі.
Есімде жоқ. Бірақ анық айрылдым,
Ақиқатсыз қанатымнан қайрылдым.
Енді міне алдап жүрмін жанымды
Уытына малып алып қайғымның.
«Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасына жиналған оқырман қауым үш ақынның да шығармашылығына қызығушылық танытты. Көкейдегі көп сауалдар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Алайда, Әлімжан Әлішердің «Лаура қосылған Латте» кітабының атауының сыры көпшілікті ерекше қызықтырып, сан сауалдың астына алғанын да айта кеткен ләзім. Осыған орай Әлімжан Әлішер де кітаптың астарына сыр бүккен жұмбақтау атауына: «Алақандай бағымды қолға берсін,
Көңіліме басқаша арман енсін.
Мен ғашықпын! Әлемде бұдан былай,
Махаббаттың есімі Лаура болсын!» — деген жыр жолдарын оқи келіп әңгімесін былайша жалғастырған еді:
— «Лаура» өлеңі осыдан он жыл бұрын жазылған болатын. Жазыла сала Қазақстан елі бойынша да, әлеуметтік желіге де тіркеліп, Лаура есімді қыздар осы өлеңіме алғыс айтқан болатын. Әрі Лаура төрт баламның анасы, жан жарымның есімі. Бұл өлең өзіме ыстық. Сондықтан да кітаптың атын осылай қойдым, — деп ақынның ағынан жарылмасына қоймаған оқырманға осылай жауап берген еді.
Екі жас «Латте» кофесін ішіп отырып танысса керек. Өмір деген қызық, ә?!
Лаура дедім қағазым, қаламымды,
Лаура дедім басталған жаңа күнді.
Соны көрем мен қайда қарасам да,
Соны көрем жұмсам да жанарымды.
Әлімжан Әлішер ақынның білдей бір кітабының жүгін де, атын да көтеріп тұрған «Лаура» өлеңін тебірене тыңдадық десем артық айтпаспын. Ақынның өзі де перзентіндей жүрегін жарып шыққан бұл өлеңін қатты қадірлейді екен. Кеш модераторы Айдар Сейдазымның айтуынша, бұрынғы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының алдына үш ақынның кітабы қатар барған кезде , басшының назары алдымен Әлімжанның «Лаура қосылған Латтесіне» назары түссе керек. Дүниеде кітап шығару қиын. Ал, сол кітапқа атау қою одан да қиын. Әлімжанның алғашқы «Мені құшақта» деген лирикалық жинағы 2017 жылы жарық көрді. Ал, енді сол аралықта жазылған өлеңдер бояу исі аңқыған осы кітапқа топтастырылыпты. Әдебиетке құштарлығын оятқан әдебиет пәні мен қазақ тілінің мұғалімі, қыз жасауына сандық толы кітабын ала келген анасынан, ұшқан ұясынан дарыпты.
Отты Отырардың тумасы, өлеңдерінен махаббат лирикасы мен сағыныш лебі есіп тұратын, ақын ағаларының болашағынан зор үміт күткен жүйрігі Бауыржан Ерман «Галактикадағы ғұмыр» атты кітабына топтастырылған өлеңдер жинағынан түйдек-түйдек жыр жолдарын оқып, оқырманның құлақ құрышын қандырды:
Тұңғыш кітабы жарық көріп, қуанышы қойнына сыймай тұрған жас ақын «Өзіміз жерде болғанмен Галактикада өмір сүріп жатқандай ерекше күйді бастан кешіріп тұрмын. Жалпы алғашқы кітаптың сезімі бөлек болады екен. Бір қуанатыным, оныншы, он бірінші сыныптан бастап жазған өлеңдерімнің барлығы осы кітапқа енгізілді. Кітап шығаратындай деңгей бар ма, жоқ па, оның бағасын сүйікті оқырман бере жатар. Бірақ, осы туындымның жарық көруіне ықпал еткен, барлық естеліктерді топтастыруға мүмкіндік беріп, қолдаған Түркістан облыстық әкімшілігіне, мәдениет басқармасына, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістандағы өкілі, ардақ тұтар ақын ағамыз Айдар Сейдазымға ерекше алғыс айтамын» — деп шынайы сезіммен бастаған сөзін оқырман қауым жылы қабылдады.
— Мұқабасының дизайнын, кітаптағы суреттерді Отырарда Қазақстанға белгілі дарынды суретші Әділжан Мәлік деген ағамыз әрбір өлеңді оқып, мағынасына терең бойлай отырып, ерекше еңбек сіңіріп салды. Кітаптың ажарын ашып тұрған суреттер мазмұнын әркім өзінше түсінер деп ойлаймын. Жалпы бұл кітапқа балалық кезімдегі өлеңдер, жастық шақтағы албырт сезіммен жазылған өлеңдер топтастырылған. «Балапан» телеарнасының балалар хабарына арнап жазылған әндер де енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, осы сәтте толқулы сезімде тұрмын. Бағасын оқырман берер, — деп ағынан жарылған Бауыржан бауырымыздан да оқырман өлең қолқалап, ақынның мөлдіреген жыр бұлағынан сусындады.
— Поэзияға салмақты бет бұрған кезіміз — студенттік шақ. Қарағанды қаласындағы Е.Букетов атындағы университетке түскен кезде жазған «Жатақхана» атты өлеңімді оқып берейін дей келіп:
Жатақхана — жылы, бәрі орынды,
Таңдап, талғап таңдап жүрмін жолымды.
Шым-шым етіп шаншыды ғой жүрегім,
Кеше пышақ кескен кезде қолымды, — деп сыр шертіп өтті.
Оқырмандар тарапынан да сан алуан сұрақтар қойылды. «Кітаптың атауы астарынан шығады. Неге Лаураны апарып Латтеге қосып жіберген?», «2050 жылдан 2080 жылға дейін қандай мамандықтар қажетсіз болып қалуы мүмкін?» — деген әлеуметтік зерттеулерде ақын-жазушылар керек болмайды деп тұжырым жасалыпты. Себебі, жасанды интеллект ақын-жазушылардың ойын жазып шығарады екен. Сол жасанды интеллекттен ақынның мықтылығын қалай білуге болады және соған қалай төтеп беруге болады?» деген сауалдар тек ақындарға ғана емес, әдебиет сүйер қауымға да көп ой салды.