Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында облыс орталығы Түркістан қаласындағы этноауылға Отырардан өркениет пен мәдениеттің ғажайыптарын арқалаған ұлы көш барды. Әлемге әйгілі ғұлама Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыз бастаған көштің қатарында жыр алыбы Жамбыл бабамыз, күш атасы Қажымұқан, ән падишасы Ш.Қалдаяқов, этнограф ғалым Ө.Жәнібековтер және Отырардың әнші-күйші, жыршы өнерпаз жастары да бар. Аты мұсылман әлеміне әйгілі, сопылық әдебиеттің ірі өкілі, кемеңгер ойшыл, ақын Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбаб бабамыз жатқан киелі өлкеден барған бұл көш бос келмеді. Өзімен бірге киелі Отырардың әйгілі кітапханасының жауһарлары мен қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан теңдессіз бұйымдарын, ақық тастармен безендірілген ыдыс-аяқ, жез құман, түрлі-түсті көздің жауын алатын әшекейлерін, Ұлы Жібек жолының қалы кілемдері мен бәтес, патсайы, парша, жібек маталары мен бұйымдарын алып атақты саудагерлер мен қолынан өнері тамған зергерлер, ісмерлері ере келді.Жан-жағын думанға бөлеп, Наурыз тойын тойлауға сүйіншілеп, жар салып барған отырарлықтар түбі бір түркі халықтарының рухани астанасы саналатын Түркістан қаласының тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, көршілес ағайындарды барымызды қадірлеп, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпауға шақырды.Салтанатты шара одан әрі театрландырылған музыкалық композицияға ұласып, отырарлық өнерпаздардың әуелете салған әсем әні мен мың бұралған бишілердің концерттік бағдарламасымен жалғасты.