Домой Мәдениет Үкәша ата құдығы аймағына 100-ден аса арша және жеміс ағаштары егілді

Үкәша ата құдығы аймағына 100-ден аса арша және жеміс ағаштары егілді

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Республикалық маңызы бар Үкәша ата құдығы аумағына туристер мен зияратшыларды көптеп тарту, оларға жағдай жасау және насихаттау мақсатында көптеген игі шаралар жалғасын табуда.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген басымдықтарды негізге ала отырып және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Үкәша ата құдығының аумағы абаттандырылып, туристер мен зияратшыларға арналған заманауи тынығу аймағын салу жұмыстары қарқынды жүруде.

Металл конструкциясы арқылы жүзеге асатын тынығу аймағы наурыз айының соңында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жаздың аптап ыстығы мен жауын-шашын күндері туристер мен зияратшыларға тынығу аймағы ерекше жағдай туғызары сөзсіз. Тынығу аймағы қорық-музей әкімшілігі мен демеушілердің есебінен жүзеге асып отыр.

Сонымен қатар, Үкәша ата құдығы аймағынан 1 гектар жуық аймақ темір шарбақтармен қоршалып, жасыл желек аймағын қалыптастыру жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде 100-ден аса арша, шырша және мәуе ағаштары отырғызылды. Ағаштарды баптап күту бойынша ауылшаруашылығы мамандарының кеңестері негізге алынып, қорық-музей қызметкерлері тамшылатып суғару әдісін кеңінен қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жасыл желек аймағын тез қалыптастыруға зор мүмкіндік береді.

Киелі орын аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар тарихи ескерткіштерді насихаттау, тұрақты түрде қорғау, сақтау, мәдени мұраларға деген қамқорлық болары сөзсіз.