Домой Мәдениет ХАЛЫҚТЫҢ ЫҚЫЛАСЫ МЕН ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ХАЛЫҚ АҚЫНЫ

ХАЛЫҚТЫҢ ЫҚЫЛАСЫ МЕН ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ХАЛЫҚ АҚЫНЫ

Айтыс сүйер қауымның ыстық ықыласына бөлене жүріп қаншама жыр сүлейлерін шыңдап, айтыс додасына қанат қақтырған Халық ақыны Әселхан Қалыбекованың айтыс әлеміндегі өнерін дәріптеу, ұлттық өнеріміздің дарабозына айналған ақынның тағылымды да өнегелі мол мұрасын жастарға насихаттау мақсатында ауданымызда аламан айтыс өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ж.Жабаевтың 175 жылдығы аясында өткен облыстық жыр додасына Түркістан, Арыс қалалары мен Жетісай, Қазығұрт, Төлеби, Сарыағаш, Бәйдібек, Сайрам аудандарынан келген кіл жас жүйріктер қатысып, бақтарын сынады. «Қозатын өлең десе делебесі, мен ақын Ергөбектің немересі» деп ақын апамыз өзі жырлағандай атасы Ергөбектің сұрауына дер кезінде үн қосып, әлеуметтік қайшылықтарды жете жырлап, сол тақырыпта сындарлы сөз қалдырған сергек ойшыл ақын екендігі анық. Десек те Әселхан Қалыбекова өзін жазба ақын ретінде де мойындатып қойған. Бұған дәлел «Қызылқұм қызғалдақтары», «Отырар аспаны», «Алладан пәрмен сұраған», «Басыңды тікпей бақ қайда?», «Сырт¬тап кеткен тамырлар», «Сахарда тұрдым сені іздеп», «Әселхан әлемі», «Жыр шапағат» тағы сол сияқты т.б. қалың оқырманға жол тартқан таңдамалы жинақтары. Аламан айтыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов пен «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қыдыр Сағындық «Парасат» және екінші дәрежелі «Достық» орденінің иегері, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Әселхан Әлшеріқызының «Омартасы рухтың — Отырарым» атты жаңа кітабының тұсауын кессе, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов жүрекжарды ыстық ықыласқа толы лебіздерін айтып, жас ақындарға сәттілік тіледі.Одан әрі Халық ақынының шәкірті, облыстық, республикалық ақындар айысының жүлдегері Дәурен Полатбаев тізгіндеген жыр сайысына мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, айтыстың арыстаны атанған Бекарыс Шойбеков төрағалық ететін, құрамындағы айтыскер ақын, Филология ғылымдарының кандидаты Анар Жапппарқұлова мен ұлағатты ұстаз Жұмакүл Нәлібаева, Түркістан қаласындағы өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев секілді жыр сүлейлері қазылық етті. Осылайша сахна төріне шыққан кіл жүйріктер жыр сүйер қауымның алдындағы сөз бәйгесінде сүрінбей оза шабуға тырысып бақты. Бабы мен бағы келіскен жас жүйріктер бірінен соң бірі шаппа-шап айтысып, қоғамның бүгінгі бет-бейнесін ашық айтып, ұлт руханияты жолындағы өзекті мәселелерді жырға қосты.Тартысты да тартымды өткен айтыс аламанында сарыағаштық ақын Нұрдәулет Тиллабеков айтыстың ақберені Т.Әбуова атындағы, отырарлық Даниял Болысбек рухты ақын Қ.Сарыбаев атындағы арнайы жүлделерді иеленсе, Отырар ауданы әкімінің арнайы жүлдесі жерлестеріміз Мұхит Бабақұл мен Мейіржан Жақыповқа бұйырды. Сайрамдық ақын Жандос Мырзабек пен отырарлық ақын Ахметрасул Баянбай жүлделі үшінші және екінші орындардан көрінсе, айтыстың көркін қыздырып, орамды ой бен сүбелі сөз саптай білген арқалы ақын Дәурен Ақсақалов бірінші орын иегері атанды. Ал, аламан айтыстың бас жүлдесін төлебилік Аян Ниязбеков жеңіп алды. Айтыс жеңімпаздарына лайықты жұп бола білген басқа дарынды ақындарға да арнайы сый-сыйапат жасалды. Қазақтың суырып салма айтыс өнеріне сүбелі үлес қосып, айтыс әлемінде қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, халқының сүйікті де арынды қызы Әселхан Қалыбекованың шығармашылығына арналған айтыста аудан өнерпаздары ақынның сөзіне арналған ән шашуларын арнап, өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.