Домой Басты жаңалықтар АРДАГЕРЛЕР ТӨЛЕБИДЕ БАС ҚОСТЫ

АРДАГЕРЛЕР ТӨЛЕБИДЕ БАС ҚОСТЫ

Ағымдағы жылдың 26 шілдесі күні Төлеби аудандық мәдениет үйінде Түркістан облысының ардагерлерімен «Тарихтың қоғамдық сананы өзгертудегі ықпалы мен өрісі: Кеше, Бүгін және Ертең!» атты тақырыбында семинар-кеңес өтті. Жиынды Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков ашып, жүргізіп отырды.

Бас қосуға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық Ұлтық Қауіпсіздік Комитетінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрманбек Ромашов, облыстық Қарулы Күштер ардагерлер кеңесінің төрағасы Бабай Алдабергенов, облыстық Ішкі Істер департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Бақытжан Бейсембаев арнайы келді. Сонымен бірге мәжіліске Түркістан облысының барлық аудан, қала ардагерлер кеңесінің төрағалары, әжелер алқасының төрайымдары, аудандық мәслихаттың хатшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің, Қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандағы барлық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, аудандық әжелер алқасының төрайымы, тарих пәнінің мұғалімдері, аудан жастары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Төлеби ауданына келген қонақтар Төлеби бабаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, орталық алаңның жұмысымен танысты. Қонақтар ардагерлерге арналған бильярд залымен, ардагерлер бөлмесімен, «Ақ әжелер» алқасының тыныс-тіршілігі жайында дайындалған буклеттермен танысты. Аудандық мәдениет үйінің 2 қабатында ақ кимешекті әжелеріміз мерекелік арнау шырқап, «Тұсау кесер» дәстүрін, аудан суретшілерінің қолынан шыққан туындыларын, кітап көрмесін көріп, көркемсөз оқу шеберлері Абай Құнанбаевтың шығармаларынан үзінділер оқыды.

Кеңесте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде «Тарихи сананы жаңғырту-рухани жаңғыру кепілі» атты тақырыпта саясаттанушы, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Мәжінбеков Сәкен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру орталығының» басшысы, прфессор Анарбаев Қайрат, тарихшы, «Оңтүстік патенттер» мекемесінің директоры, петроглиф, жер зерттеуші Елібаев Мақсат сөз алды.

Лекторлар «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мән мағынасын, яғни, жеке тұлғаның өзінің қалыптасуы мен қоғамға кіруі, қоғам мүшесінің білім сапасы, қоғамымызда орын алып жатқан жағдайларымыз, ілімнің келуі, қазақ елінің тарихы, адамның өзін үздіксіз дамытуы, салт-дәстүріміз, ұлттық құндылығымыз, тазалық сақтау сияқты ауқымды тақырыптарда әңгіме қозғады.

Жиын соңында семинар-кеңестің жұмысын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов қорытындылап, аудан басшысына, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасына алғысын айтып, бұл жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын, мазмұнды да тиімді дәрежеде өткенін атап өтті.