Домой Мәдениет АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВҚА АРНАЛҒАН ОН КҮНДІК ӨТТІ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВҚА АРНАЛҒАН ОН КҮНДІК ӨТТІ

Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинеттің жылдық жоспарына сәйкес 2022 жылғы 11 наурызда Қазақтың аса көрнекті қоғам қайраткері, тіл білімінің атасы «АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ туғанына 150 жыл» толуын атап өту үшін «ҰЛТ ҰСТАЗЫ — АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ» атты 10 күндік іс-шараның ашылуы О.Бапышев атындағы жалпы орта мектебінің базасында өтті.

Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында жарық жұлдыздай болып бағыт — бағдар сілтеген, сол ұлттың, халықтың тарихында есімдері ерекше аталатын зор тұлғалар болатыны айқын. Қазақ білімі мен ғылымының Хантәңірі атанған халқымыздың бір туар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының өз халқының алдында сіңірген еңбегі туралы аз жазылған жоқ және алдағы уақытта да жазыла берері сөзсіз.

Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлы бүкіл саналы өмірін ұйықтап жатқан халқын қараңғылықтан оятуға, отарлық езгіден құтқарып, бостандыққа жеткізуге арнады. Салтанатты әдеби кешіміздің ашылу рәсімінде сөз тізгіні Мақтаарал ауданының әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызына, Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жолдасов Алданияз Бастарұлы, Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Тулапұлы Серікбаевқа берілді.

Ахмет Байтұрсынұлы ең алдымен, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш жұмсаған ағартушы қайраткер. Осы мақсатты орындау үстінде ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, тіл білімінің мәселелерін талдап танытқан зерттеуші, әрі сол зерттеулерінің негізінде «Әліппе» мен тұңғыш «Ана тілі» оқулықтарын жазған автор екенін атап өтті.

Онкүндік — алаштың жырын жырлаған халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, ұстаздықты жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, түркітанушы, дарынды ақын — аудармашы Ахмет Байтұрсынұлына арналады.

Іс-шара барысында О.Бапышев жалпы орта мектебінің ұжымы мен оқушылары әдеби кештің мақсатын айқындап өз өнерлері мен білімдерінің арқасында А.Байтұрсыновтың еңбектерін сомдап шықты. «ҰЛТ ҰСТАЗЫ — АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ» атты әдеби – танымдық кеш ұйымдастырған О.Бапышев атындағы жалпы орта мектебіне шығармашылық табыс тілейміз!