Домой Қоғам Түркістанға Түркі елдерінің көшбасшы жастары келді

Түркістанға Түркі елдерінің көшбасшы жастары келді

 Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Түркі елдері жастарының аллеясы» ашылып, оған арнайы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Венгриядан, сондай-ақ Ресей Федерациясының Татарстан және Башқұртстан субъектілерінен 200-ге жуық жастар көшбасшылары мен белсенділері қатысты.

Саммиттің негізгі мақсаты – түркі елдерінің жастарын ортақ тарих, мәдениет, дәстүрлер мен құндылықтар, сондай — ақ түркі әлемінің болашақ дамуына ортақ көзқарас негізінде топтастыру; «Түркістан-Түркі әлемінің рухани астанасы» идеясын ілгерілету.

Іс — шара 2021 жылғы 21-23 маусым аралығында Түркістан қаласында өткен Түркі елдерінің жастар көшбасшылары мен белсенділерінің «Түркістан-Түркі әлемінің бесігі» саммиті аясында өтіп, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Түркістан университетінде саммитке қатысушы елдердің Жастар ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай – ақ, түркі тарихы мен мәдениетінің өзекті тақырыптарына арналған семинарлар өтті.

Жастар саммитіне қатысушылар мен қонақтарды ұйымдастырушылар Арыстан баб кесенесіне, Отырар қалашығына, Ақмешіт үңгіріне және жалпы түркі және қазақ тарихының басқа да орындарына апарып соңғы күнін тәмамдады.