Домой Қоғам ТҮРКІСТАНДА БАЛАЛАР КҮНІНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

ТҮРКІСТАНДА БАЛАЛАР КҮНІНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шараға қалалық білім ордаларының 700-ден астам оқушысы қатысып, өнерлерін ортаға салды. Қайырымдылық акциясы аясында қала әкімі тарапынан берілген сыйлықтар салынған автокөлікті қала әкімінің орынбасары М.Базарқұлов адами капиталды дамыту бөлімі басшылығына табыстап, үлестірді.

«Әлем – балалар көзімен» тақырыбында өткен асфальтке сурет салу байқауы да жас суретшілердің шығармашылық қабілетін айқындады. Өз қиялдарынан туған бейбіт әлемді салған 70 оқушының арасында М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінің оқушылары топ жарып, І орынға ие болды. Ал, «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» атты балабақша бүлдіршіндері арасындағы веложарыста «Ақжелкен» балабақшасының тәрбиеленушісі Бурат Құранбаев жүйрік шықты. «Толағай» отбасылық спорттық эстафетасында «Бөбек» балабақшасының «Сұңқар» тобы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, мереке барысында «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» тақырыбында оқушылар арасында флешмоб, «Балғындарға базарлық» тақырыбында жас аспаздар мен жас қолөнершілердің жәрмеңкесі, «Жұлдызды аспан» атты батпырауықтар фестивалі ұйымдастырылып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мерекелік концерттік бағдарламада балабақша бүлдіршіндері де өз өнерлерін тарту етті.

Сондай-ақ, «Бар мейіріміміз балаларға!» тақырыбында өткен концерттік бағдарлама аясында қала әкімінің орынбасары Мұрат Серікбайұлы мен облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Мәдіханқызы балаларды мерекелерімен құттықтап, қала әкімінің атынан 30 оқушыға жаздық киімдерді сыйға тартты. Сондай-ақ, қалалық мәдени шараларға белсене қатысып, балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап жүрген бірқатар балабақша ұйымдары да қала әкімінің марапатына ие болды.