Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: ТІЛ САЯСАТЫ — КҮРДЕЛІ САЛА — 2

ТҮРКІСТАН: ТІЛ САЯСАТЫ — КҮРДЕЛІ САЛА — 2

Тіл саясаты жоғарыдан төменге де, төменнен жоғарыға да болуы мүмкін: ол бір уақытта жо­ғарыдан төмен «жасырын» және төмен-нен жоғарыға «ашық» жүзеге асуы да ық­ти­мал. «Жасырын» мен «ашық» термині тіл сая­са­тын жүзеге асыру құралы мен мақсатына қа­тысты айтылады. Белгілі АҚШ ғалымы Д.Джон­сон «жасырынды» макродеңгейде әдейі жасырған (алдамшы/көзбояушы) тіл сая­саты немесе микродеңгейде әдейі жа­сырған (диверсиялық) тіл саясаты» десе, «ашық­ты» тіл саясатының мәтіні жазбаша не­месе ауызша түрде көпшілік алдында көр­сетіледі» деп түсіндіреді. Ғалым Е.Тоғжанов тіл саясаты заң­дар­мен, кесімдермен, мемлекеттік бағ­дар­ламалармен бекіп, көрінеу жүргізілуі де, ресми заңнамасыз немесе ресми заңнамаға мән бермей көмескі жүргізілуі де мүмкін еке­нін айтады. Көрінеу тіл саясаты туралы мы­салдар көп, ал көмескі тіл саясаты қата­ры­на АҚШ-тағы ағылшын тілі, КСРО-дағы орыс тіліне қатысты саясатты жат­қызуға бо­лады. АҚШ-та ағылшын тілін ресми тілі деп жариялаған заңнамалық құжат жоқ, бірақ халықтық белгіленбеген ресми тіл. 1990 жыл «КСРО халқының тілі туралы» заңы қа­былданғанға дейін КСРО-да ресми тіл болмады. Орыс тілі ісқағаздардағы негізгі тіл болды. Пенсильвания университетінің про­фессоры Г. Шиффман «көрінеу» мен «көмескінің» айырмашылығы «ашық» пен «жасырынның» айырмашылығымен бірдей, бел­гілі бір тілдің ресми және бейресми қол­да­нылуын сипаттау», – дейді. Мысалы, мем­ле­кеттік тіл – қазақ тілі, бірақ ресми жина­лыс­тардың көп бөлігі бейресми тілде өтеді. Тель-Авив университетінің профессор Э.Шаухами «жасырын» терминін сахна ар­тын­­дағы, әсіресе (саясаткерлер) белгілі бір ниет­пен әдейі жасырын түрде жүзеге асыра­тын тіл саясатын сипаттау үшін қолданады. Ал Г. Шиффман мұндай сипатты «жасырын» тіл саясаты туралы анықтамасында қос­тай­ды және жасырын тіл саясаты да дивер­сия­лық болуы мүмкін екенін де атап көрсетеді. Мы­­са­лы, белгілі бір топ немесе құрылымда ашық тіл саясатына жасырын белсенді түрде қар­сы тұрады. Осылайша, жасырын тіл сая­саты жоғарыдан төменге немесе төменнен жо­ғарыға бағытталған саяси процесс немесе ұйымдастырушылық іс-әрекет болуы мүмкін. Бірақ ештеңеге қарамастан, «көрінеу» мен «кө­мескі» дихотомиясын «ашық» пен «жа­сы­рын» дихотомиясынан ажырату пайдалы сияқ­ты. Бұл саясаттың мақсатын ерекшелік ре­тінде пайдалану керектігін айтады, яғни «жа­сырын» түсінігі саяси мақсатын әдейі жасыру коннотациясына ие. Демек, жасырын тіл саясаты дегеніміз: 1) саясаткерлердің мақсаты әдейі жа­сырылған немесе бүркемеленген тіл сая­саты; 2) диверсиялық жоспарлар немесе дивер­сия әрекеттері салдарынан көпшілікке жария етілмейтін тіл саясаты. Тілдік құқық пен тілдік тәжірибеде «заң­ды тіл саясаты» деп ресми түрде жаз­баша түрде жазылған тіл саясатын атай­ды. Ал «нақты тіл саясаты» – мүлдем жоқ не­месе заңға қайшы жасалған жергілікті сая­сат, заңда белгіленген саясатқа сәйкес кел­мейтін жергілікті тілдік тәжірибе. Нақты тіл­дік әрекет нақты тіл саясатының барын (немесе жоғын) білдіреді. Тіл саясатын­дағы тәжірибеге келетін болсақ, Марокконың ресми тілдері араб және бербер тілдері бо­лып табылады. Бірақ әдеттегі тілдік тә­жіри­беде (тілдік білім беруді қоса алғанда) көп­теген марокколық француз тілін қол­данады. «Заңды» ұғымы «ашық» және «кө­рінеу» ұғымдарымен салыстыруға бола­ды, яғни үшеуі де саясаттың «ресми» сипатын көр­сетеді. Алайда тиісінше «нақты» ұғымы «жа­сырын» немесе «көмескі» ұғымдарымен бір­дей мағынаға ие болмауы мүмкін. «Нақты» ұғы­мының тіпті дәстүрлі мағынада да «сая­сат­қа» қатысы екіталай, заңды саясат қалай көр­сетілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде не бо­лып жатқанын білдіреді. Бірақ бұл жұп тер­миндер іс жүзіндегі тіл саясатының рес­ми, заңды түрде көрсетілген тіл саясатынан өзгеше екенін көрсетеді. Мысалы, тіпті ресми түрде біртілді мектептер мен сыныптарда мұ­ға­лімдер сыныптағы оқушыларға арнал­ған көптілді ресурстарды пайдалана алады. Бұл жағдайда, «нақты тіл саясаты» мұғалім тұжырымдаған сыныптың тіл саясатына да, сыныпта жүргізілетін тілдік тәжірибеге де қатысты. Екі ұғым бір-бірімен тығыз байла­нысты болғанымен, әлі де айтарлықтай айыр­машылықтар бар. Осы тұрғыдан ал­ғанда, «нақты» термині жергілікті аймақта тұ­жырымдалған құқықтық ережелерден өзгеше тіл саясатын немесе ол нақты жер­гілікті тіл саясатына сәйкес келетін, бірақ заңды саясаттың ресми мәтінінде көрсе­тілмеген тілдік тәжірибені білдіреді.

P.S.

«Түркістан уәлаяті» газетінде жарияланған қазақ тілі туралы алғашқы мақаладан бастап, TÚRKISTAN халықаралық газетіндегі осы мақалаға дейін бір жарым ғасыр өтті. Осындай уақыт аралығында француздық тәржірибе француз тілі Еуропадағы дипломатиялық тілге айналды, британиялық тәржірибе ағылшын тілі халықаралық тілге айналды, т.с.с. айта беруге болады. Ал бізде ше?.. 1938 жылдың 5 сәуірдегі Қазақ КСР Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің қаулысында: «Біріншіден, көпұлтты Отанымыз – КСРО-да, орыс тілін білу шаруашылық және мәдени жағынан өсіп-өркендеуге мүмкіндік әперетін, КСРО халықтарының өзара байланыс және қарым-қатынасының күшті құралы. Екіншіден, орыс тілін білу ұлттық кадрлардың ғылым мен техника саласын түсініп, одан әрі жетілуіне жағдай жасайды. Үшіншіден, орыс тілін білу қазақ еңбекшілерінің жұмысшы-шаруа, қызыл әскер мен әскери-теңіз флоты қатарында әскери борышын жақсы атқаруына қажетті мүмкіндік жасайды», – деп орыс тілін қазақ мектептерінде міндетті пән ретінде оқыту қажеттілігін негіздеді. Ал қазір қазақ тілін басқа ұлттан талап ету үшін осындай сұраныстық негіздеме айта аламыз ба? Не істемек керек? Қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, әуелі тіл стратегиясын айқындау керек. Тілдік стратегия – ғылымда қалыптасқан ұғым. Ол ғылымы дамыған батыс және шығыс елдерінде ғылыми-зерттеу институт ретінде жеке құрылып, жыл сайын Ұлттық баяндама жарық көреді. Екінші, тілдік жоспарлауды жетілдіре түсу керек. Тілді мәртебе тұрғысынан, корпустық игеруді және таратуды жоспарлауда мемлекеттік деңгейден тыс өңірлік, аудандық, ауыл ерекшеліктерін ескере отырып, жетілдіру қажет. Үшінші, тілдік қауіпсіздікті қолға алу керек. 11 қыркүйек оқиғасынан соң АҚШ тілдік қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің бір факторы ретінде дамытса, Қытай экономикалық қауіпсіздіктің алғышарты ретінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының аясында «Бір белдеу, бір жол» тіл саясатын жүзеге асырып жатыр. Елдің даму бағытына сай тілдік қауіпсіздікті біз де ұлттық қауіпсіздіктің бір саласы ретінде жүзеге асырғанымыз абзал.

Берікхан Иісбекұлы, филология ғылымдарының докторы