Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: БИЗНЕСТІ ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШАРАЛАР ТҮСІНДІРІЛДІ

ТҮРКІСТАН: БИЗНЕСТІ ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШАРАЛАР ТҮСІНДІРІЛДІ

Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету — күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Және елде қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жаңашылдықтардан кәсіпкерлердің хабардар болуы — бүгінде айрықша маңызға ие.

Осы орайда, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облысы бойынша филиалымен бірлесіп ұйымдастыруымен кәсіпкерлер арасында мақсатты жиын өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – бизнесті қорғау, қолайлы инвестициялық жағдай жасау және кәсіпкерлер үшін сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысымдарды төмендету, сондай-ақ кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға белсенді қатысуын қамтамасыз ету.

Мақсатты жиынға Департаменттің басқарма басшысы Ғ.Жүндібаев, облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Зухра Амирова мен агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің бастығы Асылан Сейілбекұлы, «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсе менеджерлері, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік кәсіпорнының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Жиында сөз алған Ғабит Өмірәліұлы Агенттік бастамасымен ел аумағында енгізілген «Protecting Business and Investments» жобасының негізгі мақсаттарымен таныстырып, бизнес-құрылымдарының өкілдерімен тікелей қарым — қатынасқа және кәсіпкерлікті қорғауға Департамент тарапынан ерекше мән берілетінін, сондай-ақ Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында бизнес ортаны қалпына келтіру үшін бірқатар шаралар қолға алынғанын кеңінен атап өтті.

Кездесу барысында Зухра Төлебайқызы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталып өтті.

Кездесу соңында жиынға келген кәсіпкерлер көкейде жүрген сауалдарын ортаға салып, сұрақтарына толымды жауап алды.

Айта кетейік, бүгінгі күні Департамент жалпы сомасы 466 млрд.теңгеден асатын 37 жобаны сүйемелдеуді жүзеге асыруда.

Еске сала кетсек, алдағы уақытта кәсіпкерлердің мәселелерін талқылау және дер кезінде шешу мақсатында әртүрлі мемлекеттік органдар басшыларының және кәсіпкерлердің қатысуымен ашық кездесу өткізу жоспарланып отыр.