Домой Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕР ТАМШЫЛАТЫП СУАРЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕР ТАМШЫЛАТЫП СУАРЫЛАДЫ


«Жерді жайылымдық мақсатта ғана пайдаланбай, пласткикалық құбыр тарту арқылы тамшылатып суару әдісін енгізіп, мал азығын көптеп өндіруге көңіл бөлген жөн». Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Ақдала ауылының тұрғындарымен кездесуінде айтты. Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, жақын күндері осы мақсатта пилоттық жоба іске асырылады. Нәтижесінде, суды үнемді пайдалана отырып, мал азығының мол қоры жасалатын болады. Тұрғындарының мұң-мұқтажы мен ұсыныс, пікірлерін тыңдаған қала әкімі күн тәртібіндегі өткір мәселелердің түйінін сол мезетте-ақ шешіп беруге тырысты. Шара аясында ауыл тұрғындарының арасынан ауыл биін сайлау мәселесі де талқыланды. Би қызметінің көмегімен жергілікті әкімдік байланысы нығаяды. Яғни, тұрғындар арасында шешімін шұғыл табуы тиіс тұрмыстық проблемалар: ауыз су мен жол, білім мен денсаулық, жол, газ сынды мәселелер, тіпті отбасылық жанжалдардың алдын алу жайы ең алдымен осындай ақсақалдар алқасында талданып, тарқатылады. Ауыл әкімі мен биі шешімін таппаған жағдайда, мәселе Арыс қаласы әкімдігінің кеңсесінде кең ауқымда қаралатын болады. Кездесуде тұрғындар тарапынан кейбір қызмет саласына қатысты түйткілдер де тілге тиек етілді. Әсіресе, Ақдала ауылындағы моншадан шыққан лас суға монша иесінің мән бермеуі тұрғындардың шамына тиген. Әкім сол мезетте-ақ санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді талап етіп, егер алдағы екі жұма ішінде мәселе шешілмесе монша қызметін тоқтату мәселесі күн тәртібіне шығарылатынын ескертті. Жиында айтылған тағы бір мәселенің бірі жедел жәрдем көлігінің проблемасы болды. Гүлжан Мамытқызы бұл мәселені Арыс қаласымен орталықтандырылған жедел жәрдем жүйесін құру арқылы тиімді шешу қажеттігін қадап айтты. Кездесуге ардагелер мен ауыл тұрғындары, мәлихат хатшысы Амантай Байтанаев пен қала прокуроры Талғат Сейдуәлиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Мырзахметов және әкімдіктегі жауапты сала мамандары қатысты.