Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын айда Cәрсенбаевтар әулеті көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жандардың, жалғызбасты аналардың батасын алып, жетімдер мен науқас адамдарға қамқорлық жасады.
Нақтырақ айтсақ, қаладағы 55 көмекке мұқтаж отбасыға ұн, күріш, пісте май, картоп, пияз, макарон, шәй секілді азық-түліктер үлестірілді.
– Сауаптың еселенетін қасиетті айда қайырымды істерді жасау, бір-бірімізге кешіріммен қарау мұсылман баласының ізгі амалдарының бірі болып табылады. Сондықтан, біз бүгін осындай қайырымдылық шарасын өткізуге бел будық. Бұл жыл сайын қолға алынып келе жатқан дәстүр. Негізінен қаладағы «Игілік ата» мешітінде ауызашар беретінбіз. Әлемді шарпыған індетке байланысты өткен жылдан бастап көмекке мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуді қолға алдық. Рамазан – рухани азық жинайтын берекелі ай. Сондықтан, игі істерді қолға алып, мейілінше сауап амалдарды жасап жатқан жайымыз бар», – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Ғаппар Сәрсенбаев.
– Бүгінгі шараны ұйымдастырған Сәрсенбаевтар әулетіне рахметімді айтып, аналық алғысымды білдіремін. Басымда баспанам жоқ, 4 баламды жалдамалы пәтерде асырап отырған жайым бар. Мынадай көмекке қол жеткізіп отырғаныма қуаныштымын,-дейді жалғыз басты ана Жанар Дүйсенбаева.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы 30 игі іс, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында өткізілген қайырымдылық шарасының басы-қасынан ағайынды Асқар мен Әнуар Сәрсенбаевтар да табылса, сондай-ақ ерікті жастар Тимур Өксікбай, Мұхамбет Амантай, Бауыржан және Бағлан Сәрсенбаев, Нұрсұлтан Айдарханов, Нұрбол Қожагелді, Дарын Амантайлар көмектерін ұсынып, қол ұшын созғанын ерекше атап өткеніміз жөн.
Райымжан ӘЛІБАЕВ.