Домой Қоғам КЕРЕК ДЕРЕК: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕСІ МАҢЫЗДЫ — 2

КЕРЕК ДЕРЕК: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕСІ МАҢЫЗДЫ — 2

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында мыналар атап көрсетілген: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi.». Конституцияға сүйене отырып, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң қабылданды. «Тіл туралы» заңға сәйкес 4-бапта: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.».

Қазақстан Республикасының тiл саясатының тұжырымдамасы және Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданып, онда 2010 жылға қарай барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік тілді кезең кезеңмен енгізу жоспарлануда. Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында мынадай міндеттер қойылады: «Мемлекеттік тіл бірқатар мемлекеттік басқару органдарында қолданылмайды немесе мардымсыз қолданылады. Осыған байланысты мемлекеттік органдар іс жүргізуді, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы 2010 жылға дейін мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 2-тармағындағы қағиданы сақтай отырып жүргізуі қажет:

2006 жылы — Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының және Алматы қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;

2007 жылы – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі, Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Алматы, Павлодар облыстарының және Астана қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;

2008 жылы — Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;

2009 жылы — Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының өңірлік қаржылық орталығы қызметін реттеу агенттігі.».

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілді дамыту және енгізу жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.

2008 жылы мемлекеттік тілді дамыту үшін бюджеттен едәуір қаражат бөлінді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамашылығымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрылды. Сондай-ақ, 2008 жылы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 — 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2009 — 2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Онда мынадай сәттерді атап көрсетуге болады: Халықаралық тәжірибені жүйелі зерделеу және Қазақстанға енгізу үшін Қазақстанның ЕО елдерімен тіл саясаты саласындағы халықаралық ынтымақтастық орталығын құру, қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесін жетілдіру, Қазақстан Республикасының көрнекі ақпаратының жай-күйін зерделеу бойынша әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізу, қазақ тілінде балаларға арналған анимациялық және көркем фильмдер шығару.

Жоғарыда аталған және мемлекеттік тілді енгізу және дамыту жөніндегі басқа да шаралар үшін 2009 жылы бюджеттен 5 066 313 мың теңге бөлінді, ал 2010 жылы 4 763 727 мың теңге бөлу жоспарлануда.

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін қазақтардың 25 пайызы (кейбіреулер 40 пайызы деп айтып жүрді) өз ана тілін білмеді деген ақпарат кең тараған болатын.

Әрине, егер ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы қазақтардың пайыздық үлесі 80 пайызды құраған болса, ол үлес 1959 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруден кейін 29 пайызды құрағаны тағы аян. Бірақ, жаппай орыстандыруға қарамастан қазақ тілі әрбір қазақ отбасында естіліп тұрды.

Соңғы уақытта Қазақстанда мынадай қызық үрдісті байқауға болады: жергілікті емес ұлттар өкілдері өз балаларын қазақ тіліндегі бала бақшаларға, мектептерге беруде. Қазақ мектептерінде оқитын өзге ұлт балаларының саны 25 мыңға жетті. Санмен бірге сапа да өсуде. Мысалы, Ақтөбе қаласында балалар үйінің ұлты қазақ емес тәрбиеленушілері арасында мемлекеттік тілді білу бойынша сайыста тәрбиеленуші жасөспірім жігіт қазақ тілін тамаша білетінін көрсетті және қала әкімінің қолынан пәтер кілті табыс етілді. Бір қуантатыны басқа ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді жан-тәнімен үйренушілер де және жауапкершілікпен қарайтын да жандардың көбеюі. Міне, сондықтан мемлекеттік тіл – қазақ тілін қоғамдағы өзінің лайықты орнын алатын күн де алыс емес.

Қазақ тарихындағы белгілі Шәкәрім қажы өз шежіресінде «Әз Жәнібек қазақты алып ауарда, Ноғай аталған туысқандарымыздың жақсылары қазақтың жақсыларымен көрісіп, амандасып жылапты. Соны біздің қазақ домбырашылары ноғай-қазақ айырылғандағы жылау күй деп, домбырамен «Ел айырылған» атты зарлы күй тартады» — дейді. Қазақ жыршылары:

Орманбет хан өлген күн,

он сан ноғай бүлген күн,

Қазақ пен Ноғай айырылды,

Қазақ сартқа қайырылды – деп жырлайтын ноғай бауырларымыздың саны 100000 шамасында. Тарихта Еуразия даласын дүр сілкіндірген халықтың тек жұрнағы ғана қалды. Міне, сондықтан, «халқымыз ноғайлардың тағдырын қайталамасын» — деген оймен «қазақ тілі шынайы мемлекеттік тіл болса екен» — деп тілейік.

Амандық Қорғанұлы.