Домой Қоғам ЕРЛІК-ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН

ЕРЛІК-ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН

Кеңес дәуірі тарихының ең қаралы беттерінің бірі — Ауған соғысы. Биыл Ауған соғысының аяқталғанына 31 жыл толды.
Бүгін қаламызда «Ішкі саясат бөлімінің» ұйымдастыруымен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған монументте, қала әкімі М.Қадырбек, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, Ауған соғысының ардагерлері, мекеме, бөлім басшылары, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени орталық, жастар мен жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен іс-шара өтті.
Іс-шара қатысушылар тарапынан Ауған соғысының ардагерлеріне арналған монументке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді 1 минуттық үнсіздікпен еске алды.


Жиында қала әкімі М.Қадырбек: «Соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз. Арыс қаласы бойынша 69 адам қатысты. Нурманов Рахматулла дене жарақатын алып, мүгедек болып оралса, Аубакиров Алтай мен Сергей Седых сынды екі жауынгеріміз интернационалдық борышын өтеу барысында құрбан болды.
Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдардағы естеліктерді еске алу ғана емес, сол кезеңдегі Отан үшін қаза болған жауынгерлердің ерлігін еске алатын күн! Жылда ақпан айының 15 жұлдызында Біз Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Сонау Ауған жерінде қару асынып мұң арқалаған сын сағаттарда бірін — бірі бауыр дескен азаматтарымыз бүгінгі таңда қаламызда түрлі салаларда еңбек етуде. Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек қателеспейміз. Сондай-ақ, 2019 жылдың 24 маусымында қаламызда орын алған техногендік сипаттағы жарылыстың салдарын жоюға Ергентай ағамыз бастап белсене қатысқан барша ауған соғысы ардагерлеріне қала әкімдігі атынан Алғыс білдіремін!»-деп, ізгі тілегін айтты.
Шарада қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Исламбеков және «Отан» Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымының төрағасы Е.Көшкінбаев шараның маңыздылығына тоқталып, сөз сөйледі. Қаламыздағы орталық «Ысқақ» мешітінің бас имамы Абдулкамал Абулкарим қаза тапқан боздақтарға құран бағыштады.
Іс-шара қалалық мәдениет үйінде Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арнайы дайындалған концертке ұласты.