Түркістан облысы бойынша өткен жылы негізгі капиталға салынған
инвестиция көлемі 441 млрд 214 млн. теңгені құрап, 2018 жылмен
салыстырғанда 38,5%-ға артқан. Бұл туралы Түркістан облыстық статистика
департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков Өңірлік коммуникациялар
қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп және жылжымайтын мүлік салаларына тиесілі. Негізгі инвестициялық салымдардың
85,3%-ын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі 376 млрд 207
млн. теңгені құрады», — деді Айдар Ахметбекұлы.
Бұдан өзге,
Түркістан облысы бойынша былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі — 498 млрд
347 млн. теңгені құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда
5,3%-ға артқан. Тиісінше республикадағы облыстың өнеркәсіп өнім
көлеміндегі үлесі —1,7%. Ал ауыл, орман және балық шаруашылығы
өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылы 629 млрд 816,2 млн. теңгені құрады,
бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға артқандығын көрсетіп отыр.
Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы үлесі бойынша облыс
3-ші орынды иемденді.