Домой Білім КЕРЕК ДЕРЕК: КІТАПТЫ ЖЫЛДАМ ОҚУДЫҢ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?

КЕРЕК ДЕРЕК: КІТАПТЫ ЖЫЛДАМ ОҚУДЫҢ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?

Бәріміз де кітап оқимыз. Бірақ қалай? Бәз біреулер асықпай оқуға дағдыланған. Ал екінші біреулері көз жүгіртіп, тез оқиды, тіпті мәтіннің астын сызып, соны барынша ұғынуға тырысатындар да табылады. Қысқасы, адам әртүрлі. Десек те, кітапты дұрыс оқудың де көп мән-мағынасы бар. 

Әсіресе, бастауыш сыныпта ежелеп оқитындар баршылық. Мұны дұрыстау үшін оқушылар арасында кітап оқудан жарыс та ұйымдастырылып жатады. Бірақ мұның да өз талабы, ережесі жоқ емес. Тіпті министрліктің де осыған байланысты өз нұсқауы бар. Бірақ 3-4 жасында-ақ балабақшадан мектепке әріп танып келетін балалар бар. Ақиқаты, мүдірмей оқу 4-сыныпқа жақындағанда дұрысталады. Десек те, олардың арасында жылдам оқитындар да кездеседі. Өйткені оқушының бәрі бірдей емес қой. Жалпы бастауыш сыныпты аяқтаған кезде оқушылардың барлығы да шамамен минутына 120-140 сөзден оқитын деңгейге жетеді. Ал ересек адамның шамамен 400-450 сөз оқитынын ескерсек, бұл орайда бас-тауыш сыныптың балаларының шамасы түсінуге тұрарлық.

Жалпы жылдам оқу және тез оқытуға үйрететін бағдарламалар өте көп. Тіпті жылдамдықпен минутына 10 мың сөзді де оқуға болады. Бірақ мәселе, түсініп, ұғынып оқуға байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал. Жалпы адам тез оқыған сайын оның тоқтауы да азаяды. Ал мәтінді баяу оқыған жағдайда адам баласына ортақ бір әдет пайда болады екен. «Мен дұрыс оқыдым ба?» деп, мәтінге қайта қайрыла қарау дағдыға айналатын көрінеді.Бұл көзге зиян. Ал жылдам оқудың еш зияны жоқ.

Айта кетер бір жайт, әлемде жылдам оқудан рекордтық нәтиже көрсеткен адамдар баршылық. Соның бірі – Киевте тұратын 17 жастағы Ирина Иваченко. Ол минутына 163 333 сөз оқиды. Бұл көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына тіркелген. Бұдан да басқа кітапты жылдам оқу мен ұғыну және түсінігін қайталап айтып бере алатын ғұламалар әлемде жетерлік.Олар туралы жүздеп мысал келтіруге болады.

Ал ғалымдардың бағалауына назар аударсақ, жылдам оқуды игерудің ең тиімді кезеңі 4-5 жас. Өйткені бұл кезеңде баланың ми кеңістігі бос, кез келген нәрсені тез игеріп алады. Ал бала 7-8 жасқа келгенде, бұл мәселе күрделілеу соғатыны да ақиқат. Өйткені оқушы қоршаған ортаға қарай бастайды. Әр нәрсеге алаңдайды. «Білсем, үйренсем» деген ниеті де арта түседі. Жалпы ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, адам бір минутта орташа есеппен кітаптың екі бетін оқиды екен. Тарихқа назар аударар болсақ, әлемдік тұлғалардың ішінде жазушы Максим Горький минутына 4000 сөз оқыған. Ал Наполеонның көрсеткіші – 2000 сөз.

«Дамыған ел газет оқиды, дамушы ел радио тыңдайды, дамымаған ел теледидар көреді» деген қанатты сөз бар. Расында да ойлы сөз. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында кітапты көп оқитын ел ретінде танылған Қазақстан бүгінде сол деңгейден көріне ме? Жоқ. Назардың барлығы теледидар мен интернетке ауып кетті. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет. Бірақ қалай? Оның басты кілті – ата-анада. Сондықтан тәрбиеде басты көңіл балаға аударылуы керек.

Жалпы өмірде балалық, жастық және орта жасқа келгенде, бір кі­тапты қайталап оқитын жайт жиі кездеседі. Өйткені әр ұрпақтың, әр ке­зеңнің пайым жасап, кітапты әрқалай немесе қайталап оқуында сыр бар.

Кітапқұмар жұртшылықтың бір кітапты қартайған шағына дейін бірнеше рет қайталап оқуының себебі мынада: өйткені оны әр жаста оқыған сайын адамның түйсінуі бөлек болады. Қайыра түйсінеді, пайым жасайды, ой қорытады. Бірақ кітапты қалай оқу керек? Әркім әрқалай, біреу жылдам оқиды, екіншілері қарап шығады. Соңғысы түйсіну емес. Бірақ кітап оқыған адамның жан дүниесі терең, сөз саптауы ерек, ойы сергек болатыны сөзсіз. Алайда солай деп біржола кесім шығаруға бола ма? Жоқ. Кейбір адамдар білгенін шешендікпен айта алмауы мүмкін. Дегенмен, олардың жазғанынан, ойынан бәрібір тереңдік көрініп тұрады.

 Жалпы адамның миы оқыған кітабының мазмұнын 100 пайыз қа­былдай ала ма? Мәселе – сонда. Пси­хологтардың айтуына қарағанда, адам кітапты асық­пай оқыған кезінде ондағы жазылған мәтіннің 60 пайызын ғана қабылдай алады екен. Ал жылдам оқитын жандар да бар емес пе? Мамандардың зерттеуіне қарағанда, жылдам оқу сәтінде кітапқұмар жан туындының 80 пайызын түсінуге мүмкіндік алады екен. Сарапшылар жылдам оқылған ақпарат санаға тез қабылданып сіңетінін айтады. Бірақ кітап оқып отырып, бір нәрсеге мән бере бермейді екенбіз. Атап айтар болсақ, жылдам оқығанның зияны жоқ. Ал адам кітапты асықпай оқыса, көз тез талады екен. Мына бір мысалға мән бермеуіміз ықтимал. Қарапайым адам кітап оқып отырып, қарағанда 10 әріптік белгіні көруі мүмкін, яғни сіз бір мезетте 1-2 сөзді көре аласыз. Ал осы көріністі жылдам қайталайтын болсаңыз, бір зер салғанда 200-500 белгіні, яғни 33-83 сөзді бір-ақ көреді екенсіз. Сондықтан жылдам оқығанның пайдасы да көп.

АҚШ-тың он алтыншы президенті А.Линкольн «Табысқа жетудің бір ғана жолы – кітап оқу» деп бекер айтпаған. Адамның өмір сүру барысында бір кітапты бірнеше рет қайталап оқитын сәті көп. Грек философы Демосфен әйгілі тарихшы Фукидиданың шығармасын жете түсіну үшін 8 рет оқыған. Гете адамдарды оқыған кітаптарына қарай бағалаған. Қазақтың философ Абайды жиі қайталап оқитыны бекер емес. Боямасыз өмір, философия, тіршілік, адамдық қарым-қатынас, бәрі, барлығы – Абайдың қара сөзінде. Әрине, жақсы кітап – жан азығы.

Ал кітапты жылдам оқудың қан­дай пайдасы бар? Ең алдымен, бұл мидың жұмысын жақсартады. Екін­шіден, миға жасалған жаттығу іспетті. Үшіншіден, кітап оқу адам­ның көк­жие­гін кеңейтеді, ой-танымын арттырады. Төртіншіден,  бос уақы­тыңды өлтірме, кітап оқы! Бұл да болса, мидың тынығуына алып келеді.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.