Домой Басты жаңалықтар Түркістан микроклиматын өзгерту қолға алынды

Түркістан микроклиматын өзгерту қолға алынды

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл жобалардың Түркістан өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болатынына сенімді. Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыс барысын пысықтады. Жүргізіліп жатқан жаңа суландыру жүйелерімен танысып, жауапты басшылалға тиісті нұсқаулар берді. Суландыру жүйесі Түркістан қаласындағы Құлан ақын көшесі мен Яссы көшесі аралығындағы көшелерге, Ақан сері көшесі мен Ынтымақ көшесі аралығындағы көшелерге, Яссы мен Б.Саттарханов даңғылы аралығындағы көшелерге жүргізілген. Сондай-ақ облыс әкімі Батыс-Қытай тас жолы мен Жібек жолы көшесі аралығындағы шаруашылық каналын абаттандыру және Майкотов көшесіндегі каналды «Денсаулық саябағы» алдындағы каналға қосу жұмыстарымен танысты. Түркістан қаласын дамыту бағдарламасына сәйкес абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде.

Түркістан қаласы аумағындағы аудандарда су тапшылығын шешу мақсатында, ірі су нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу», «Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екенін ескеріп, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары әзірленіп жатыр.

2025 жылдың соңына дейін шаһар толығымен абаттандырылады. Ағын суды үнемдеу үшін «ақылды технологиялар» пайдаланылады. Қаладағы қуарған жерлерге қуат бітіп, бос жатқан жерлерге ағын су келе бастады. Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен, жергілікті бюджет есебінен 134 тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осылайша, агросаланың алаңы артып, егіс алқаптарын суландыру мәселесі шешіліп келеді.