Домой Басты жаңалықтар ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙМЕН КҮРЕС ҮЗДІКСІЗ ЖҮРУДЕ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙМЕН КҮРЕС ҮЗДІКСІЗ ЖҮРУДЕ

Кәсіпкерлер Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде тегін дәрі-дәрмектерін ұсынды. Дәрілік препараттардың жалпы құны 25 млн. теңгені құраған. Бұл туралы төтенше жағдайдың зардаптарын жою штабында Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Қазіргі таңда «Еврофарма», «Зерде», «№5 аптека», «Экофарма», «Асылфарм», «Мұратфарм» мекемелері дәрі-дәрмектерін тегін беріп, қайырымды іс жасап отыр. Бұл негізінен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған түрлі препараттар. Дәрілер Арыс қаласында орын алған жарылыстан зардап шекен азаматтарға емдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ауруханалар мен эвакуацияланған пунктерге жеткізілді», – деді Нұрбек Нышанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді. Оның сөзінше, ауруханаларда жатқан аурулар 100 пайыз тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған.

Айта кетейік, 70 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған. Оның 4-еуі ауыр халде жеткізілген. Барлық науқастың жағдайы бақылауға алынған. Шымкент қаласы мен Жамбыл облысынан қосымша медициналық жедел жәрдем жұмылдырылды. Одан бөлек, республикалық санитарлық авиациямен келген дәрігерлер қызмет көрсетуде.