Домой Әлеумет ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЙЫП ТҰРАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАР МЕН ҚОҚЫС ҮЙІНДІЛЕРІНЕ ТОЛҒАН

ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЙЫП ТҰРАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАР МЕН ҚОҚЫС ҮЙІНДІЛЕРІНЕ ТОЛҒАН

  

Ағымдағы жылдың 9 маусым күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен облыс орталығындағы көлік құралдарын уақытша сақтауға арналған арнайы учаскіге кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді.

Жүргізілген мониторингтік жұмыстардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылардың көліктері мен жол-көлік апатына ұшыраған автомобильдердің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету.

Зерделеу жұмыстарына «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері мен Арнайы мониторинг топ мүшелері, қалалық ПБ полиция қызметкерлері мен қоғам белсенділері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Мониторинг барысында айып тұрағының талапқа сай келмейтіндігі және қауіпсіздік шараларының қатаң сақталмағандығы белгілі болды.

Атап айтсақ, бақылау жұмыстары кезінде аталмыш тұрақтың арнайы өрт сөндіру қалқандарымен қамтамасыз етілмегендігі мен автокөліктердің ретсіз орналасу деректері, сондай-ақ тұрақ аумағының құрылысқа қажетті заттар мен қоқыс үйінділеріне толы екендігі мәлім болды.

Ал, жауапты маман «Түркістан жарық – тазалық» ЖШС қызметкері Бекайдар Илясовтың айтуынша, 2018 жылы Түркістан қаласы әкімінің қаулысы бектілгенімен, әлі күнге дейін нақты іс-шаралар атқарылмаған.

Бір күндік мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде анықталған кемшіліктер ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің назарына алынып, Түркістан қаласы әкімдігіне қайта қалпына келтіру бойынша бірқатар ұсыныстар жолданды.

 

Айта кетсек, қала тұрғындарының көліктері айып тұрағында ақысыз түрде орналасып, бейнебақылау камералары арқылы бақыланып отырады. Егер де, Сіз қандай да бір ақы талап ету деректеріне куә болсаңыз, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің тәулік бойы тегін қызмет ететін 1424 сенім телефонына қоңырау шалуыңызға немесе «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің +7 747 263 83 63 (Whatsapp) нөмірі арқылы хабардар етуіңізге болатынын мәлімдейміз!