Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Фараб кітапханасында Түркістан қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының Түркістан қалалық мансап орталығы мен Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ұйымдастыруымен жұмыссыз жүрген азаматтар мен пробация есебінде тұратын жұмыссыз тұлғаларды, жұмысқа қабілетті мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне шаһар басшысының орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Әлібек Шоқпаров, қалалық прокуратура өкілдері қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Өз кезегінде жұмыс берушілер қала тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен таныстырып, алаңдатқан сұрақтарына жауап берді және азаматтарға кешенді қызмет көрсетті.

Аталмыш жиынға Түркістан қаласы бойынша 30-дан аса жұмыс беру мекемелері қатысты және арасында Алматы қаласынан келген жұмыс берушілер де бар. Жәрмеңкеге 200-ге жуық тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласын бойынша өз кәсібін ашып, мемлекеттік грант иеленіп, еңбек етіп жүрген жеке кәсіпкерлердің көрмесі өтті. Жұмыс беруші мекемелер жұмыссыз азаматтарға ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы ұзақ күтусіз немесе іріктеусіз тікелей жұмысқа орналасу мүмкіндік береді.

Жәрмеңкенің мақсаты – қала тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді анықтап, оларды бірлесе шеше отырып, лайықты жұмыспен қамтуға ықпал ету және тегін консультативті кеңестер беріп, жұмысқа орналастыру басты назарға алынған. Сонымен қатар жәрмеңке аясында жұмыссыз борышкерлер мен пробация есебінде тұратын жұмыссыз тұлғаларды жұмыспен қамту арқылы олардың әлеуметтік жағдайын түзеу және қайта құқық бұзушылық жасаудың алдын алу болып табылады.

Азамат ӘЛІБЕК