Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА БАТАГӨЙЛЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА БАТАГӨЙЛЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Бүгін Түркістан облысы Шардарада ауданында «Бабаларды еске алу және бата күніне» орай Ұзын ата ауылдық округінде айтулы іс –шара өтті. Қала және ауылдық округтерден жиналған ақсақалдар қауымы және мәдениет қызметкерлері ең алдымен Ұзын ата кесенесіне барды. Ақсақалдар Ұзын ата әулиенің және басқа да өмірден озған ата-бабалардың рухына құран бағыштап, кесенеге зиярат жасады.Мұнан кейінгі іс-шара Ұзын ата ауылдық Мәдениет сарайында жалғасты. Ауыл тұрғындары наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Батаменен ел көгерер» атты бата беру сайысын тұщына тамашалады. Жиын барысында ауыл әкімі Мұқан Мұсаев құттықтау сөз сөйлеп, сайыста бақ сынап жатқан ел ағаларына сәттілік тіледі. Батагөйлердің сайысы күнделікті өмірде беріп жүрген бата мен конверт ішінде жасырылған ұзатылған қызға, отау көтерген екі жасқа, сапарға шыққан адамға, ас қайыруға, және тағы басқа да тақырыптарға арналған баталар бойынша екі шарттан тұрды. Сайысқа қатысқан азаматтардың өнеріне аудандық Қоғамдық Келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық Мәдениет сарайының қызметкері, облыстық бата беру жарысының бас жүлдегері Әбдіғаппар Айдаров және аудандық Мәдениет үйінің директоры Ағабек Дөңбаев қазылық жасады. Әділқазылар алқасы батаның мән-мазмұнына, үміткердің киім кию үлгісіне, сахнада өзін талапқа сай ұстау шеберліктеріне назар аударып, тиісті бағаларын беріп отырды. Жарыс соңында сайысқа түскен ел ағалары түрлі номинациялармен және орындармен марапатталды. Атап айтар болсақ, екі ынталандыру сыйлығымен – «Әйтеке би» жүлдесімен Ақшеңгелді ауылдық округінен қатысқан Орман Шапишев, «Қазыбек би» жүлдесімен Сүткент ауылдық округінен қатысқан Мырзахан Тұрғанбаев марапатталды. Сол сияқты, Достық ауылдық округінен қатысқан Бимағамбет Еламанов, Алатау батыр ауылдық округінен қатысқан Боранбай Жиренбаев, Көксу ауылдық окргінен қатысқан Кемелхан Садықбеков ІІІ орынды, Қызылқұм ауылдық округінен қатысқан Бегайдар Исмайылов пен Ұзын ата ауылдық округінен қатысқан Серік Қарсыбаев ІІ орынды, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінен қатысқан Нобай Сәпиев І орынды иеленсе, байқаудың бас жүлдесін Қоссейіт ауылдық округінен қатысқан Алауитдин Әпиев жеңіп алды. Жеңімпаздардың барлығы да «Алғыс хаттармен» және ақшалай сыйлықтармен марапатталды