Түркістанда өткізілген сейсможаттығулардың нәтижелері бірнеше маңызды тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Құтқару, полиция және медициналық қызметтер апаттық жағдайларда үйлесімді жұмыс істей алатынын көрсетті. Жаттығулар кезінде тұрғындар эвакуация ережелерін, алғашқы көмек көрсету әдістерін және қауіпсіз аймақтарға көшу шараларын меңгерді. Кейбір ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі төмен екені белгілі болды, бұл мәселені шешу үшін нақты ұсыныстар жасалды. Құтқару қызметтері мен медициналық ұйымдарға қажетті қосымша құрал-жабдықтар мен ресурстардың тізімі жасалды. Сейсможаттығулардан кейін Түркістан қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейту бойынша бірнеше шешімдер қабылданды. Олар -сейсмикалық талаптарға сай келмейтін нысандарды қайта жаңғырту және күшейту, қауіпсіздік ережелері бойынша тұрақты тренингтер мен семинарлар ұйымдастыру, жер сілкіністерін алдын ала болжау және халықты шұғыл хабарландыру үшін заманауи жүйелерді енгізу және құтқару қызметтерінің техникасын жаңарту және оларды қажетті құралдармен жабдықтау. Түркістандағы сейсможаттығулар – табиғи апаттарға дайындықты күшейтудің тиімді құралы. Бұл шаралар тек төтенше жағдайлар қызметтерінің ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың да қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жаттығулардың нәтижесінде анықталған мәселелерді шешу арқылы Түркістан қаласы табиғи апаттарға төзімді әрі қауіпсіз ортаға айналуға бір қадам жақындай түсті. Болашақта осындай шараларды тұрақты түрде өткізіп, алдын алу шараларын күшейту қаланың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады. Ата кетейік, жер сілкінісі – табиғи апаттардың ең қауіпті түрлерінің бірі. Оның кенеттен пайда болуы және жиі күтпеген салдары адам өміріне, мүлікке, инфрақұрылымға және экологияға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Жер сілкінісіне қарсы қауіпсіздік шараларын сақтау – адамдардың өмірін сақтап қалудың негізгі тәсілі. Жер сілкінісі – жер қыртысындағы тектоникалық қозғалыстардың нәтижесінде пайда болатын дүмпу. Жер сілкінісін нақты болжап айту мүмкін емес. Ол әлсіз тербелістерден бастап күшті дүмпулерге дейін болуы мүмкін. Бір аймақта бірнеше рет қайталануы ықтимал. Жер сілкінісіне алдын ала дайындық – оның салдарын азайтудың тиімді жолы. Дайындық кезеңінде сейсмикалық талаптарға сәйкес келмейтін ғимараттарды күшейту, жаңа құрылыстарды сейсмикалық қауіпсіздік стандарттарына сай салу және құрылыс материалдарының сапасын қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Жер сілкінісі кезінде адамдардың дұрыс әрекет етуі олардың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Ол үшін қауіпсіздік талаптарын есте сақтау керек. Қатты дүмпу кезінде үйде болсаңыз, үстел, кереует немесе басқа берік жиһаздың астына тығылыңыз, терезелер мен ауыр жиһаздан алыс тұрыңыз, басыңызды және мойныңызды қолыңызбен қорғаңыз. Көшеде болсаңыз, ғимараттардан, электр желілерінен, ағаштардан алыс тұрыңыз, шық алаңдарға шығуға тырысыңыз. Көлікте болсаңыз, автокөлікті тоқтатып, ішінде қалыңыз, көпірлерден, тоннельдерден және электр желілерінен алыс болыңыз. Қоғамдық ғимараттарда болсаңыз, эвакуация жоспарларына сәйкес әрекет етіңіз, асығып, есіктерге таласпауға тырысыңыз. Жер сілкінісінен кейінгі кезеңде дұрыс әрекет ету маңызды. Бұл кезеңде жарақаттар мен зақымдарды анықтап, алғашқы көмек көрсету, қажет болса, медициналық көмекке жүгіну қажет. Сонымен қатар қираған ғимараттарға кірмеу, газ, электр және сумен жабдықтау жүйелерін тексеру, өрт қаупі болған жағдайда өрт сөндіру құралдарын пайдалану, жергілікті билік органдарынан нұсқаулықтарды орындау, жақындарыңызбен байланыс орнату, қажет жағдайда эвакуация орындарына бару тиіс. Жер сілкінісінің алдын алу шаралары табиғи апаттарды толық болдырмау мүмкін болмағанымен, оның салдарын азайтуға көмектеседі. Бұл үшін жер сілкінісін алдын ала анықтайтын технологияларды пайдалану, сейсмикалық аймақтарды зерттеу және қауіпті аймақтарды карталау, басқа елдердің апаттарға қарсы тәжірибесін пайдалану қажет. Жер сілкінісі – табиғи апаттардың ең қауіпті түрлерінің бірі, бірақ дұрыс дайындық және қауіпсіздік шараларын сақтау оның салдарын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Тұрғындар мен ұйымдардың бірлескен әрекеті, арнайы қызметтердің дайындығы және ақпараттандыру шаралары қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алып, қажетті ережелерді сақтауы тиіс. Бұл – тек жеке өмірімізді емес, бүкіл қоғамымыздың тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізі.